Атырау облысында түйелер қырылып жатыр

/
Атырау облысында түйелер қырылып жатыр
скриншот

Атырау облысы Құрманғазы ауданында белгісіз індеттен жаппай түйе қырылып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.

«24KZ» телеарнасының ақпаратынша, кесел бір мезетте бірнеше ауылға жайылған.

Маусым айынан бері 200-ден аса түйе ауырып, 84-і арам өлген. Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш ауылдарында ахуал күрделі. Әр үйден 6-7 бас түйе мен бота өлген.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай былтыр да болды. Бірақ дәл мұндай шығын келмеген. Қазір жергілікті әкімдік пен ветеринарлар өлген малды жойып жатыр.

 «Менде 5 аналық түйе, 2 бота өлді. Дәрігерлер бар көмегін жасады. Біз тек сол малмен күн көріп отырмыз. Біздің ауылдың тыныс-тіршілігі тек  – мал», - деді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Фазиля Қабдолова.

Мамандар алынған сынамаларды зертханаға жіберді. Алайда Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық ауру қоздырғышын анықтай алмады. Індет көзі әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

 «Облыс әкімдігі тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне ұсыныс хат жолданып, осы аурудың нақты неден пайда болғанын анықтау мақсатында арнайы мамандарды жіберуін сұрадық. Қазір жауабын күтіп отырмыз»,  – облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ветеринария бөлімінің бас маманы Ықылас Азаматов.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары