Жазушы Исраил Сапарбай өмірден өтті

/
Жазушы Исраил Сапарбай өмірден өтті
facebook.com

85 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, танымал драматург әрі дарынды сазгер Исраил Сапарбай өмірден өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Суыт хабарды Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook-тегі парақшасында жеткізді.

«Бүгін таңнан суық хабар жетті..

Таңғы сағат төртте 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда соңғы демі үзілді.

Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр сырқаттан қайтқаны жайлы хабарды ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады.

Биыл қазақ әдебиетінің алыптары, кезінде інілері болып соңынан ерген асыл ағаларым - Дулат Исабеков (20.12.1942 - 21.02.2025), Темірхан Медетбек (06.05.1945 - 10.05.2025), енді міне, Исраил Сапарбай (15.05.1941 - 18.07.2025) бірінен соң бірі өмірден өткені менің жаныма қатты батып, жүрегім ауырып  отыр. Алапат қайғы санама енді ғана жеткендей күй кешіп отырмын. Сол Кеңсайға, алыптардың қасына енді Исраил ағам да  кетіп бара жатыр.

Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасымен бірге ағамыз қатты ауырып жатқанда, ауруханаға барып,  үнемі хабар алып тұрдық. Соңғы барғанымызда күбірлеп, ақырын өз өлеңін оқып жатты...

Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай поэзиясы, мәңгі өлмес өлеңдері қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің  бірнеше театрларында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр», - деп жазды ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары