17 шілде күні театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемаловтың 69 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Суыт хабарды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев желіде қоштасу жазбасын жариялап, жеткізді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті актер Қайрат Кемалов өмірден өтті. Ол бүкіл саналы ғұмырын театр саласына арнады.
Қайрат Кемаловтың өнердегі мансабы Қарағандыда басталған еді. Оның өнердегі жетістіктері халықаралық дәрежеде жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Ол түрлі тарихи образдарды сомдауда актерлік шеберлігімен көріне білді.
Шығармашылық жолында ол көрермендерге классикадан бастап заманауи қойылымдарға дейін жүздеген рөлдерді сыйлады. Ол шеберлігі, мамандыққа деген үлкен адалдығы арқасында отандық театр және кино тарихында терең із қалдырды.
Қайрат Кемаловтың жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттері мен достарының, көрермендердің жүрегінде мәңгі қалады», - деп жазды облыс әкімі.
Қайрат Кемалұлы Кемалов – кеңестік және қазақстандық театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол «Қазақ хандығы» фильміндегі Керей ханның рөлі арқылы көрерменге кеңінен танылған.