Қазақстан Ұлттық банкі жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары аясында грант негізінде оқуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылы мынадай гранттар қарастырылған:
- "Нархоз университеті" КЕАҚ "Қаржы талдаушысы", "Қаржылық тәуекел-менеджмент", "Макроталдау және болжау" – 5 грант;
- "Қазақстан-Британ техникалық университеті" АҚ "Қаржылық тәуекел-менеджмент және деректер туралы ғылым", "Макроқаржы және деректер туралы ғылым" және "Қаржылық технологиялар" – 14 грант.
Бағдарламалардың мақсаты – Ұлттық банк пен оның еншілес ұйымдарына, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне білікті мамандар даярлау.
Маман даярлау мына мамандықтар бойынша жүзеге асырылады: қаржы, экономика, қаржы технологиялары, бухгалтерлік есеп, тәуекел-менеджмент, статистика, эконометрика, математика, машиналық оқыту және бағдарламалау.
Оқу 2025 жылдың қазан айында басталып, 2 академиялық жылға созылады.
Оқуға түсу үшін талапкерлер университеттер мен Ұлттық банктің талаптарына және критерийлеріне сәйкес, 11-29 тамыз аралығында – "Қазақстан-Британ техникалық университеті" АҚ базасында және 4-6 қыркүйек аралығында – "Нархоз университеті" КЕАҚ базасында өткізілетін конкурстық іріктеуден өту қажет.
Оқуды аяқтап, әңгімелесуден сәтті өткен жағдайда, Ұлттық банк пен оның еншілес ұйымдарында, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.
Бағдарламалардың мазмұнымен және оқуға қабылдауға қойылатын талаптармен "Нархоз университеті" КЕАҚ пен "Қазақстан-Британ техникалық университеті" АҚ ресми сайттарында танысуға болады.