Тарих ғылымға негізделіп жазылуға тиіс – Ерлан Қарин

/
Тарих ғылымға негізделіп жазылуға тиіс – Ерлан Қарин
egemen.kz

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тарих ғылымына қатысты басты назарда ұстауға тиіс 4 мәселені баса айтты. Бұл туралы ол «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында атап өтті.

Біріншіден, тарих, ең алдымен, ғылымға негізделіп жазылуға тиіс. Қандай да бір мифті жоққа шығарамыз, онымен күресеміз деп екінші бір мифологияға жол бермеуіміз керек.

Ашығын айтсақ, кейбір адамдар жекелеген оқиғаларды, үрдістерді, тұлғаларды тым әсірелеуге құмар. Соның кесірінен дау-дамай туындайды. Бәзбіреулер болмаған оқиғаны болды деп ойдан шығарып, расталмағанды ақиқат деп жатады. Ұлт мүддесін емес, ата-бабасын дәріптеуге ұмтылатындар бар. Тарихи шығармаларға сеніп, оны шындық ретінде көретіндер де табылады. Бірақ тарих дегеніміз – көркем туынды емес. Сондықтан мұндай келеңсіз жайттарға бүкіл қоғам болып тосқауыл қоюымыз керек.

Екіншіден, тарих объективті көзқараспен жазылуға тиіс. Бір тұлғаның рөлін арттыру үшін екінші бір тұлғаны сынау дұрыс емес. Тіпті түрлі заманның қайраткерлерін салыстырып, сынап-мінеудің өзі орынсыз. Тұлғаларымыз өзінің саяси ұстанымына, көзқарасына сәйкес ел мүддесіне қызмет етті, өз миссиясын орындады.

Сонымен қатар бір кезеңді екінші кезеңге қарсы қоймау керек. Әрине, әр заманның өз ерекшелігі бар. Тарихи оқиғаларға әрқилы ахуал әсер етеді. Замандарды бір-біріне қарсы қойып, салыстыру салдарынан ел ішінде қарама-қайшылық туындайды, қоғамның береке-бірлігі бұзылады.

Үшіншіден, әр кезеңде тарихты зерттеушілердің алдында белгілі бір міндеттер тұрады.

Мысалы, 90-жылдардың басында тарихтағы ақтаңдақтарды ашу басты мәселенің бірі еді. Бұрын белгісіз болған, тыйым салынған тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік туды. Әрине, ол дұрыс болды. Қазіргі зерттеушілердің өз міндеті бар. Мемлекет ғалымдардың зерттеу ісіне араласпайды. Ғылымның өркендеуіне жағдай жасайды. Дегенмен қай мәселеде болсын бір дискурспен, бір тұжырымдамамен шектелмеген жөн. Әдіс-тәсілдерге, ғылыми ұстанымдарға сүйеніп, зерттеу тақырыбына қашанда ауқымды көзқараспен қарау керек. Халқымыздың жылнамасын әлем өркениетінің тамыры терең, ауқымы кең, айрықша маңызды бөлшегі ретінде жан-жақты көрсете білу керек. Сондай-ақ оны еліміздің қазіргі миссиясымен ұштастыра отырып дәріптеу қажет. Ұлттық тарих ғылымының басты міндетінің бірі осы.

Төртіншіден, Әлихан Бөкейханның «Тарих – түзу жөнді үйретуші» деген сөзі бар. Мемлекет кәсіби тарихшылардың беделін көтеріп, оларды барынша қолдайды. Осы орайда кәсіби стандарттарды қалыптастырып, оны қатаң ұстану маңызды.

Кейінгі кезде қоғамның тарихқа деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ оны әуесқойлар да пайдаланып жатыр. Түрлі подкаст түсіріп, әлеуметтік желіге шығаратындар, тақырыпты терең білмесе де, тарихқа баға беретіндер көбейіп кетті. Әрине, әуесқойлардың ел шежіресін насихаттау ісінде өз орны бар. Бірақ тарихтың бұрмаланбауы айрықша маңызды.

Қазір псевдо-тарихшылар пайда болды. Олар да әлеуметтік желі арқылы ақылға қонымсыз пікір таратып, елді адастырып жатыр. Бұған жол беруге болмайды. Кәсіби тарихшылар ғана жұрттың тарихи сауатын арттыра алады.

Кейінгі жылдары елімізде ауқымды реформалар жасалды. Саяси-экономикалық өзгерістермен қатар, халықтың таным-түсінігі, болмыс-бітімі, өмірлік қағидалары өзгеріп жатыр. «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптасып келеді. Тәуелсіз мемлекетте туып, ойы азат, санасы сергек болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ халқымыздың терең тарихын жетік білуі керек. Бірақ бұл бізге мақтану емес, сақтану үшін, біреуге кектену үшін емес, болашаққа айқын көзқараспен қарап, алға нық сеніммен қадам басу үшін қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес». Рас, тарих біздің сана-сезімімізде, ұлттық болмысымызда ерекше орын алады. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын халық болуға тиіспіз. Біз осы идеяны жастардың бойына сіңіріп жатырмыз деп ойлаймын, – дейді Мемлекеттік кеңесші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары