Ақтөбе тұрғыны 660 құрақ көрпені біріктіріп, әлемдік рекорд орнатты

/
Ақтөбе тұрғыны 660 құрақ көрпені біріктіріп, әлемдік рекорд орнатты
АқЖайық

Алматыдағы Медеу мұз айдынында Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны Айгерім Бултекова 660 құрақ көрпені біріктіріп, әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлады turkystan.kz сайты АқЖайыққа сілтеме жасап.

«Аламан құрақ - 2025» жобасы аясында жасалған туындының ерекшелігі – «Global World Book of Records» кітабына ресми енуі.

Түрлі-түсті құрақ көрпелер мұз айдынын түгел жауып жатты. Бұл қазақ халқының қолөнері, шеберлігі, ұлттық рухын бейнелейтін әсерлі композиция еді. Айгерім осы жобаға қатысқанына, үлес қосқанына дән риза. Жалпы бұл жобаға Айгерім алғаш рет қатысып отыр. Негізі Құлсарының тумасы болғанымен Айгерімнің отбасы 1997 Ақтөбе қаласына қоныс аударған.

Айгерім тігіншілікпен бірінші балалы болып, бала күтімімен отырғанда айналыса бастаған. Сол кезде алғаш рет қолына ине алып, баласына киім, үйге қажетті перде, көрпелерді тіге бастады. Анасы Әлия Ақтөбе қаласында танымал тігінші. 

«Менің ұстазым анам, тіккенімді үйлестіре алмасам телефон арқылы сұрап алам. Ол Ақтөбе қаласында қыз жасауының шебері. Осылайша осы кәсіпке шын ниетіммен кірістім», - дейді Айгерім.

Айгерім тігіншілікті өзінің ғана үйренгенін місе тұтпай, басқа да қыз-келіншектерге онлайн түрде үйретеді. Осы талмас ізденісінің арқасында өзінің тігін цехын ашуды ұйғарған. 2018 жылы «Нұркенқызы Ай» деген тігін цехын ашты. Қазір қарамағында 12 тігінші бар, оның ішінде мемлекет бағдарламасына қатысушылар және мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Аудандық жұмыспен қамту орталығы цехтағы қызметкерлерге ай-сайын еңбекақы бөліп отыр. Ьөлінген еңбекақының үстіне үстеме ақшаны Айгерім өзі төлейді.

Цех жұмысын одан әрі дамыту үшін ол «Таңдау» жобасымен үкіметтен үстеме ақысыз 4,5 млн теңге несие алған. Түрлі станоктар, іс машиналарын сатып алған. Көрпелерді мақтасы мен жүнін түтіп, сұранысқа орай киім тігуді қолға алған. Мектеп формасы, ұлттық нақыштағы шапандар мен киімдер осы тігін цехы шеберлерінің қолынан шығады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары