Microsoft корпорациясы жаңа жасанды интеллект жүйесін сынақтан өткізіп, оның нақты диагноз қоюда дәрігерлерден төрт есе тиімді екенін мәлімдеді. Бұл медициналық технология шығындарын азайтып, диагноз қою сапасын арттыруы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz wired.com-ға сілтеме жасап.
ЖИ жобасы компанияның жасанды интеллект бағытындағы жетекшісі Мустафа Сүлейманның жетекшілігімен жүзеге асты. Оның айтуынша, Microsoft медицинада "нағыз суперинтеллектке" қадам жасады.
Зерттеу барысында New England Journal of Medicine басылымынан алынған 304 нақты медициналық жағдай негізінде Sequential Diagnosis Benchmark атты арнайы тест жасалды. Онда дәрігерлер диагноз қою барысында орындайтын қадамдар тізбегі модельге жүктелген. Microsoft осы негізде MAI Diagnostic Orchestrator (MAI-DxO) атты жүйе құрастырды.
MAI-DxO бірнеше алдыңғы қатарлы ИИ модельдерін, OpenAI GPT, Google Gemini, Anthropic Claude, Meta Llama және xAI Grok біріктіріп, оларды бір топ маман сияқты пікір алмасатын жүйе ретінде ұйымдастырады. Нәтижесінде, ИИ жүйе диагноз қоюда 80% дәлдік көрсетіп, адам дәрігерлердің 20% нәтижесінен асып түсті. Сонымен қатар, жүйе тесттер мен процедураларды үнемді таңдау арқылы 20% шығынды қысқартуға мүмкіндік берді.
"Бұл жүйенің маңызды ерекшелігі – бірнеше ЖИ агенттердің пікір алмасып, бірлесе жұмыс істеуі. Бұл тәсіл бізді медициналық суперинтеллектке жақындатады," – деді Сүлейман.
Microsoft бұл жоба үшін Google-дан бірнеше жетекші зерттеушіні өз қатарына тартқан. Бұл – жасанды интеллект саласындағы кадрлар үшін бәсекенің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
ИИ жүйелер АҚШ-тың денсаулық сақтау саласында бұрыннан қолданылып келеді. Жаңа көпмодальды модельдер диагноз қоюмен қатар, медициналық қызмет сапасын арттыруға да мүмкіндік бермек. Дегенмен, жүйенің әділдігі мен деректердегі демографиялық ауытқушылық мәселелері әлі де өзекті.
Microsoft әзірге бұл технологияны коммерцияландыру туралы шешім қабылдамаған. Бірақ компания өкілі жүйені Bing арқылы қолданушыларға денсаулық туралы кеңес беретін құрал ретінде енгізу мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар, бұл жүйе дәрігерлерге пациент күтімін автоматтандыруға да көмек бере алады.
MIT профессоры әрі Layer Health стартапының негізін қалаушы Дэвид Сонтаг бұл жұмысты ерекше бағалады: "ИИ дәрігерлердің жұмысын нақты қайталауы және ғылыми негізде сыналуы – зерттеудің мықтылығы осыда," – деді ол.
Дегенмен, кейбір мамандар зерттеудің нақты клиникалық жағдайларды толық қамтымағанына назар аударады. Жоба шынайы тиімділігін дәлелдеу үшін клиникалық сынақтар қажет екені айтылды.