Үндістанда жас келіндердің күйеуін өлтіруі жиілеп кеткен

/
Үндістанда жас келіндердің күйеуін өлтіруі жиілеп кеткен
сурет: istockphoto.com

Үндістанда жас келіндердің күйеуін өлтіруі жиілеп, қоғамда үлкен пікірталас туғызып жатыр. Бұрын тек жәбірленуші ретінде қарастырылып келген әйелдер енді ауыр қылмыстардың басты күдіктісіне айнала бастады. Бұл жағдай елдегі гендерлік теңдік, зорлық-зомбылық пен мәжбүрлі некеге қатысты терең әлеуметтік мәселені қайта көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz scmp-қа сілтеме жасап.

Соңғы резонанс оқиға маусым айында тіркелген: Мадхья-Прадеш полициясы 25 жастағы Сонам Рагхуваншиді күйеуі Раджу Рагхуваншиді бал айы кезінде өлтіруге тапсырыс берді деп айыптады. Тергеу мәліметінше, Сонам өзінің бұрынғы жігітімен бірігіп, күйеуін өлтіретін жалдамалы қылмыскерлерді ұйымдастырған. Раджу мен Сонамның некесі дәстүрлі түрде, яғни ата-аналардың келісімімен қиылған.

Марқұмның денесі мамыр айының соңында табылды. Ал Сонамның туыстары бұл айыптауды жоққа шығарып, тергеуді федералдық деңгейде қайта қарауды талап етті.

Сонамның ісі жалғыз емес. Мысалы, наурыз айында Уттар-Прадеште жаңа ғана тұрмысқа шыққан 22 жастағы Прагати есімді келіншек бұрынғы жігітімен бірге күйеуін өлтіруге тапсырыс берді деген күдікке ілінді.

Сол айда Мирут қаласында полиция бұрынғы теңіз офицері Саураб Раджпуттың денесін цемент құйылған бөшкеден тапты. Тергеу оның әйелі Мускан мен оның көңілдесі Сахил Шукланың қатысы бар деп отыр.

Қаңтарда Рани есімді әйел Instagram-ға би билеген видеолары үшін күйеуімен ұрсысып қалғаннан кейін оны өлтірген болуы мүмкін деген күдікпен тергелуде.

Нью-Делидегі Jotwani Associates заңгері Бхаргав Байсоя бұл құбылысты “жаңа және алаңдатарлық тенденция” деп сипаттайды. Оның айтуынша, әйелдерге қатысты қоғамдық көзқарас пен құқық қорғау органдарының тәжірибесі әлі де олардың кінәсіз екенін алға тартып, ер азаматтардың жәбірленуші ретінде танылуына кедергі келтіреді.

«Қылмыстың жынысы болмайды», — дейді Байсоя. «Бірақ ерлердің отбасындағы зорлықтан зардап шеккені көбіне елеусіз қалып қояды».

2024 жылдың шілдесінде Үндістанда жаңартылған қылмыстық кодекс Бхаратия Ньяя Санхита күшіне енді. Онда кісі өлтіру және қылмыстық сөз байласу баптары жынысқа бейтарап негізде қарастырылады.

Соған қарамастан, құқық қорғау органдары әйелдерді негізгі күдікті ретінде қарауға сақ қарайтынын Байсоя да мойындайды.

«Жаңа заң бұл алшақтықты азайтуға тырысқанымен, құқық қолдану тәжірибесі әлі де артта қалып отыр», – дейді ол.

Karanjawala & Co заң фирмасының аға заңгері Нихарика Каранджавала-Мисра бұл қылмыстардың артында қоғамдағы мәжбүрлі некеге деген көзқарас жатыр деп есептейді.

«Жас қыздар өз еркінен тыс тұрмысқа шығып, одан құтылу үшін адам өлтіруге дейін барады. Ешкімді күштеп үйлендіруге болмайды», – деді ол.

Ол сондай-ақ, әйелдердің қатыгездікке баруы тек статистикалық емес, әлеуметтік ауытқу екенін айтты. Өйткені Үндістанда отбасылық жанжал салдарынан өмірден өтетіндердің басым бөлігі – әйелдер.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары