Алматыдағы Ресейдің Бас консулы Дмитрий Тураев КСРО халық әртісі, әйгілі опера әншісі Бибігүл Төлегеноваға Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың атынан естелік сыйлықтар мен арнаулы хат табыстады, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл кездесу — мәдени мұра тарихына аты алтын әріппен жазылған ұлы өнер иесіне деген терең алғыс пен құрметтің белгісі. Оның өмір жолы – өнерге адалдықтың, рух беріктігінің және туған жерге деген шексіз махаббаттың айғағы.
«Бибігүл Төлегенова – Қазақстан мен КСРО сахнасының жай ғана аңызы емес. Оның нәзік те шымыр дауысы әлемнің үздік сахналарында шырқалып, жүректерді тербеп, миллиондаған тыңдарманға шабыт сыйлады. Соғыс жылдарында жас қыз ретінде ауыр еңбек пен қиындықты бастан кешіп, кейін өнері арқылы адамдардың үмітін оятып, сенімін қайтарды. Сұлулығы сирек кездесетін сопрано иесі өмірін сахнаға арнады, ал әрбір өнер көрсетуі – шынайы рухани ашылу еді. Ұстаз ретінде де талай дарынға жол ашып, адам ретінде – қайсарлықтың, талғам мен парасаттың жарқын үлгісі болып қала береді», – делінген Ресей Федерациясының Алматыдағы өкілдігінің баспасөз хабарламасында.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жолданған бұл хат – Бибігүл Төлегенованың мәдениетке қосқан зор үлесі мен Кеңес халқының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі туралы тарихи жадыны сақтауға қосқан еңбегіне деген ризашылықтың символы.