2011 жылы туған жасөспірім Қызылжар ауданы Подгорное ауылы маңындағы Есіл өзенінде суға батып кетті, деп хабарлады turkystan.kz сайты Петропавл.news басылымына сілтеме жасап.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бала белгісіз жағдайларда жоғалып кеткен. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері мен жедел-құтқару жасағының мамандары жұмылдырылды.
Жасөспірімнің мәйіті 26 маусым күні судан табылып, сыртқа шығарылды. Қазір оның өліміне қатысты барлық мән-жай анықталып жатыр, денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Құтқарушылардың айтуынша, мұндай қайғылы оқиғалар көбіне рұқсат етілмеген, күзет пен қауіпсіздік шаралары жоқ су айдындарында болады. Ал облыстағы ресми жағажайларда, соның ішінде Петропавл қаласында, соңғы жылдары адам өлімі тіркелмеген.
Мамандар ата-аналарға балаларды су маңында қараусыз қалдырмауға және оларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге тағы да ескерту жасады.