Депутаттар Назарбаев Университетінің алдағы бағыты туралы ұсыныс айтты

/
Депутаттар Назарбаев Университетінің алдағы бағыты туралы ұсыныс айтты
сурет: nazarbayevfund.kz

Парламент Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Асхат Аймағамбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Назарбаев Университетінің даму бағытына қатысты бірқатар өзекті ұсыныстарды көтерді. Сауалда ұлттық кадрларды қолдау, педагогикалық менеджментті дамыту және ауыл жастары үшін қолжетімділікті арттыру мәселелері бар.

Назарбаев Университеті – еліміздің ғылыми-технологиялық дамуының алдыңғы шебінде тұрған, интеллектуалдық әлеуетті қалыптастыратын маңызды оқу орны. Депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылымды стратегиялық басымдық ретінде айқындағанын ескере отырып, университеттің дамуында ұлттық мүддені басшылыққа алуды ұсынды.

Басшылық құрамының 70 пайызы өзіміздің мамандар болуы қажет

Депутаттар университеттің вице-президенттері, мектеп декандары мен өзге де басқарушы лауазымдарға кемінде 70 пайыз қазақстандық мамандарды тағайындау қажеттігін көтерді. Бұл елдің стратегиялық мақсаттарын терең түсінетін, халықаралық тәжірибені меңгерген ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алып, ғылыми дәрежеге ие болған жас қазақстандықтар жеткілікті. Оларға жауапты қызметтер ұсыну — олардың елден кетуін болдырмауға және Қазақстан ғылымына адал қызмет етуіне жол ашады», – деді депутат Сүлейменова.

Педагогикалық менеджмент бойынша жаңа бағдарлама қажет

Депутаттар білім беру жүйесін басқару ісінде білікті кадрлар даярлау үшін Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебі аясында жаңа бакалавриат бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бағдарлама мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына, тәрбие ісіне жауапты мамандарға арналған.
Бұл бағдарламаға мемлекеттік гранттар бөлу арқылы педагогикалық менеджмент саласында жүйелі және заманауи мамандарды дайындауға болады.

Ауыл түлектеріне арналған қолжетімді Foundation бағдарламасы

Қазіргі таңда Назарбаев Университетінің дайындық (Foundation) бағдарламасына негізінен қалалық және инновациялық мектептердің түлектері қабылдануда. Ал ауыл мектептерінің түлектері үшін бұл бағдарлама білім алшақтығына байланысты қолжетімсіз.
Осыған байланысты депутаттар ауылдық түлектерге бейімделген 1,5 жылдық дайындық бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр.

– «Бұл бастама өңірлік теңсіздікті азайтуға, ауылдағы дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «әлеуметтік әділеттілік» қағидатын іске асыруға нақты үлес болмақ», – деді депутаттар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары