Алматыда хабар-ошарсыз кеткен 195 адам табылды

/
Алматыда хабар-ошарсыз кеткен 195 адам табылды
polisia.kz

Алматыда полицияның қоғамдық көмекшілері құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және бірлескен рейдтік іс-шараларға белсенді қатысып келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қоғамдық көмекшілердің жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, қауіпті аумақтарды анықтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға атсалысу. Бірлескен жұмыстың нәтижесі де бар.

Жыл басынан бері қоғамдық көмекшілердің жәрдемімен 12 қылмыс ашылып, 3 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әсіресе “Қоғам” қоғамдық жасағының жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Жасақ мүшелерінің көмегімен бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен 195 адамның жүрген жері анықталып, олар табылды.

Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев қоғамдық тәртіпті сақтауға тұрғындардың қатысуы маңызды екенін атап өтті.

– Қоғамдық көмекшілер – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сенімді серіктестеріміз. Олардың белсенді азаматтық ұстанымы, айналасына бейжай қарамауы және көмекке дайын болуы туындаған мәселелерге дер кезінде назар аударуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Біздің ортақ міндетіміз – әр адам айналасындағы тәртіпке жауапкершілікпен қарайтын қауіпсіз орта қалыптастыру, – деді Тимур Ноғайбаев.

Полиция мен қоғамдық көмекшілердің бірлескен рейдтері де осы жұмыстың бір бөлігі. Рейд барысында олар тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, проблемалық аумақтарды назарға алады және заң талаптарын түсіндіреді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар