Теміртаудың 68-ші шағынауданында жан түршігерлік жағдай тіркелді. Еір ер адам күндізгі уақытта, еш жасырынбастан мысықтар мен күшіктерді аяусыз өлтірген, деп хабарлады turkystan.kz.
Аталған оқиға туралы Instagram-дағы vernyi_drug_krg парақшасында жарияланған видео арқылы белгілі болды.
«Видеодағы ер адам ауладағы барлық мысықты, күшіктерді өлтіріп тастады. Тек бір ғана күшіктен және оның анасынан басқа ешкім қалмады. Тоқтататын түрі жоқ. Бүгін оны қорқытып қуып жіберді, бірақ ол міндетті түрде қайтып келіп, ойлағанын аяқтайды! Бұл адамның ақыл-есі дұрыс емес, мүмкін, психикалық ауытқуы бар. Қолындағы пышақпен түс уақытында жануарларды қырып жатыр», - деп жазды видео авторы.
Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Теміртау қаласының 68 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталған. Қазіргі уақытта ол тергеу амалдарын жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді.
«Аталған факті бойынша жануарларға қатыгездік көрсету бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – делінген полицияның ресми хабарламасында.
Полиция «Заң және тәртіп» қағидаты аясында заңсыз әрекеттердің, соның ішінде жануарларға қатысты қатыгездіктің қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады.