Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мектептің бас есепшісі болған Абзал Сейдековке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ол қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік мекеме қаржысын қалтаға басқан. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен хабарлады.
«Тергеу барысында анықталғандай, Абзал Сейдеков 2023 жылдың 1 қаңтары мен 2024 жылдың 31 желтоқсаны аралығында өзіне сеніп тапсырылған лауазымдық міндетті теріс мақсатқа пайдаланып, мектеп қызметкерлерінің айлық жалақысын есептеу кезінде үнемделген қаражатты өз шотына заңсыз аударып отырған. Жалпы сомасы 36 миллион теңге көлеміндегі қаражатты жымқырып, оны «Pin Up» букмекерлік қосымшасы арқылы құмар ойынға жұмсаған. Алайда, тергеу барысында келтірілген залал толығымен өтелді, 36 миллион теңге бюджетке қайтарылды», - делінген хабарламада.
Мектептің бұрынғы бас есепшісі Қылмыстық кодекстің 189-бабынің 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету, аса ірі мөлшерде) бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Сонымен қатар 7 жыл мерзімге есепшілік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», - делінген департамент хабарламасында.