Президент ведомстволық жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» атағын беруді ұсынды

/
Президент ведомстволық жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» атағын беруді ұсынды
Қорғаныс министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет деп санайтынын айтты.

«Жалпы азаматтардың қауіпсіздігі мен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау үшін құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау керек. Бірақ реформалар реформа үшін ғана жасалмайды. Басты мақсат – қоғамның құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыру. Кейбір қызметкерлердің әділетсіз немесе немқұрайды әрекеті күштік құрылым өкілдерінің атына кір келтіреді.

Азаматтар мен бизнестен заңды талап еткенде, өздеріңіз лайықты үлгі көрсетулеріңіз қажет. Сонда ғана полиция қызметкерлері мен азаматтар арасында сенімді әріптестік орнайды. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру қаншалықты табысты болатыны сіздерге байланысты.

Бұл ретте мемлекет қоғам қауіпсіздігі мен елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін жандарды жан-жақты қолдауға әрқашан айрықша мән береді. Менің тапсырмаммен биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті. Біз тәртіп сақшыларын құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдаймыз.

Ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына жағдай жасап, ынталандыру маңызды. Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлесін», - деді Президент.

Сондай-ақ Президент құқық қорғау жүйесін қайта жандандыруды жалғастыруды тапсырды.

«Құқық қорғау органдарында үздіксіз әрі мінсіз қызмет атқарғандарға «құрметті қызметкер» атағы беріледі. Алайда кейбір құрылымдарда бұл жоғары атақ басшыларға ғана бұйырады. Қатардағы қарапайым қызметкерлер арасында ұзақ жылдар бойы кәсіби борышын адал атқарып жүрген лайықты кандидаттар жеткілікті. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту маңызды.

Былтыр Президент Әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын цифрлық бағалау жүйесі енгізілді. Бұл объективті дербес рейтинг қалыптастыруға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына қызметкердің лауазымын жоғарылатқанда және көтермелегенде негізінен цифрлық бағалауға сүйенуді тапсырамын.

Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай, ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты бағаланатынына сенімді болуы керек.

Жалпы, бүгінгі айқындалған бағыттар құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтаудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Институттық реформалар мен технологиялық жаңашылдықтарды ұштастыра отырып, құқық қорғау органдарын одан әрі жаңғырта беруіміз керек.

Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім. Мұнда қызметке де байланысты кемшіліктер бар. Сондықтан біз бүгін ол туралы егжей-тегжейлі айтпаймыз. Дегенмен мәселенің шет жағасы қозғалды. Бір апта ішінде құжат барлық құқық қорғау органына жіберіледі. Одан кейін біз жабық форматта жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары