"Алтын Орда" базары маңындағы жолдың қашан жөнделетіні белгілі болды

"Алтын Орда" базары маңындағы жолдың қашан жөнделетіні белгілі болды

"Алтын Орда" базары маңындағы жолдың қашан жөнделетіні белгілі болды
ашық дереккөзі
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдері Алматыдағы "Алтын Орда" базары маңындағы жолдың қашан қайта жөнделетінін айтты. Олардың айтуынша, жөндеу жұмыстары cәуір-маусым айларында жүргізіледі. Бұл туралы компанияның Tengrinews.kz тілшісінің жолдаған ресми сауалына берген жауабында айтылады. ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасарының тапсырысына сәйкес, 2016 жылдың  IV тоқсанында республикалық бюджет есебінен "Алтын Орда" базары маңындағы 4 шақырымға созылған "Алматы-Бішкек" аавтожолын жобалау жұмыстарының басталғаны айтылады. Жобадағы техникалық тапсырмаларда жолды барлық бағыт бойынша он жолақты ету мәселесі қарастырылған. Төрт жолақ тұрған жерде транзиттік көліктер, тағы төрт жолақ жергілікті көліктер үшін және екі жолақ қоғамдық көліктер үшін болатыны айтылады. Компаниядағылардың айтуынша, бұл жолақтар қоғамдық көліктердің қозғалысына кедергі келтірмеуге септігін тигізеді. "Транзиттік көліктердің қозғалысы арнайы бетонмен қоршалған аумақтарда жүреді. Ал жергілікті көліктер мен қоғамдық көліктердің қозғалысы бөлек тұрған жолақтарда жүреді", - деді компаниядағылар. Сондай-ақ, бұл жобада "Алтын Орда" базары,  Aport Mall сауда орталығы мен "Асыл Арман" тұрғын үй кешеніне келушелер мен ондағы тұрғындар үшін үш жер үсті жаяу өткелін салу мәселесі қарастырылған. Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда "Алтын Орда" базарының алдындағы жолды кеңейту үшін сауда орындарының сүрілетіні жайлы айтылған болатын. Ал "Қазавтожол" АҚ өкілдері Алматы-Бішкек автожолының 16-20 шақырымында үнемі болатын кептеліске қатысты мәселені шешу үшін "Алтын Орда" мен "Барлық" сауда орталықтары маңындағы жолдарға арнайы жоба дайындалғанын айтты. Ал кейінірек "Алтын Орда" базарының маңындағы жолдың алты жолақты болатыны хабарланған еді.