Жетісуда ірі қара ұрлаған күдіктілер ұсталды

/
Жетісуда ірі қара ұрлаған күдіктілер ұсталды
Видеодан скриншот

Жетісу облысы Көксу ауданында жалпы құны 9 миллион теңгеден асатын екі ірі мал ұрлығы фактісі ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

7 маусым күні Мұқаншы ауылдық округінің жайылымында белгісіз тұлғалар 9 бас ірі қараны ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 2,5 миллион теңгеге бағаланған.

Бірнеше күннен кейін Алғабас ауылдық округі аумағында тағы бір мал ұрлығы тіркелді. Бұл жолы 14 бас ірі қара қолды болып, мал иесіне 7 миллион теңгеден астам шығын келтірілді.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Көксу аудандық полиция бөлімінің және облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 51 және 37 жастағы екі күдіктіні ұстады. Екеуі де ауданның жергілікті тұрғындары болып шықты.

Күдіктілер малды MAN маркалы жүк көлігімен тасымалдамақ болған. Көлік тоқтатылып, ішінен ұрланған 14 бас ірі қара табылды. Сонымен қатар, малдың сатып алушысы ретінде Алматы облысының тұрғыны ұсталды.

Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің мал ұрлығына қатысты бабы бойынша іс қозғалды. Заңға сәйкес, бұл қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.

Тергеу жалғасуда. Полиция күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары