Сирек кездесетін Каспийлік албырт (лосось) балығының 582 шабағы 15-шағын ауданындағы Каспий теңізіне жіберілді. Экологиялық акция Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шабақтар Ақтаудағы заманауи балық өсіру кешенінде өсірілген. Аталған кешен биофильтрация, дезинфекция, оттегімен қанықтыру және су температурасын бақылау жүйелерімен жабдықталған.
— Шараның басты мақсаты — Каспий теңізінде жойылып бара жатқан балық түрлерінің санын қалпына келтіріп, экологиялық тепе-теңдікті сақтау. Салмағы 300 грамнан асқан шабақтардың табиғи ортада тірі қалу мүмкіндігі 20 пайыздан жоғары. Бірақ олар үшін заңсыз балық аулау, жыртқыш балықтар қауіпті, — дейді ұйымдастырушылар.
Бұған дейін, 21 мамыр күні теңізге 109 шабақ жіберілген. Жыл соңына дейін жалпы саны 3 мыңнан астам шабақты табиғи ортаға жіберу жоспарда.