Павлодарлық студенттер сирек кездесетін құс тұқымдарын өсіріп жатыр, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.
Павлодар облысындағы "Ertis" жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері "Брама", "Джерсий гиганты" және "Кучинск мерейтойлық" тұқымындағы 30-дан астам үй құсын өсіріп шығарды.
Жұмыртқаны басу сәтінен бастап эмбрионның қалыптасуына дейінгі инкубация процесінің барлық кезеңі студенттердің толық бақылауында және ғылыми бақылаулармен сүйемелденеді. Бұл практикалық оқыту кәсіпкерлік көзқарасқа негізделіп, студенттерге оқу барысында өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.
Министрлік хабарлауынша, жуырда болашақ ветеринарлар еліміздегі ең өнімді етті ірі қара тұқымдарының бірі саналатын қазақтың ақбас сиырын қолдан ұрықтандыру жұмысын сәтті жүзеге асырды.
"Мұндай практикаға негізделген сабақтар студенттердің кәсіби құзыреттерін арттырып, өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады, сондай-ақ білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді", — дейді колледж директоры Айгүл Байжұманова.
Айта кетейік, еліміз бойынша колледж студенттері 700-ден астам стартап-жоба мен бизнес-идеаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаларға суару жүйелері, экологиялық шешімдер, IT өнімдері және басқа да салалар кіреді.