ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында алғаш рет «Тұрақты ауыл шаруашылығы: органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту» тақырыбында Егінжай күнін өткізді.
Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Алматы облысының әкімі, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстары әкімдіктерінің басқарма басшылары, жетекші халықаралық және отандық ғалым-сарапшылар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту, көміртекті секвестрлеу және топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі инновациялық шешімдерді көрсету, органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктерін талқылау.
Егінжай күні аясында көміртекті және органикалық егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер талқыланды. Әсіресе, агрожүйелердегі көміртек баланстарын верификациялаудың ұлттық жүйесін құру және көміртекті агроэкожүйелік сервистерді әзірлеу, Қазақстанның түрлі табиғи-климаттық аймақтарына бейімделген көміртекті егіншілікке арналған агротехнологиялар тізілімін әзірлеу мәселелері талқыланды. Одан бөлек, көміртек баланстарын мониторингтеу және верификациялау мақсатында ГАЖ, қашықтықтан зондтау және көміртектің биогеохимиялық айналымы модельдері негізінде ұлттық кадастрлық жүйені қалыптастыру, климаттық тәуекелдер, топырақтың аймақтық ерекшеліктері және агробиоәртүрлілікті ескере отырып, өңірлік бейімделген органикалық шаруашылық жүйелерін әзірлеу, аграрлық ұйымдар, орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттары базасында білім беру және агроэкологиялық платформаны қалыптастыру мәселелері талқыланды.
«Біздің алдымызда аса маңызды міндет тұр – ауыл шаруашылығын халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын және табиғи ортаны қалпына келтіруге қабілетті тұрақты жүйеге трансформациялау. Топырақтың деградациясына қарсы күрес, зиянды шығарындыларды азайту, органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту – бұл Қазақстанның стратегиялық жолы. Ол үшін бізде ғылыми әлеует те (потенциал), халықаралық серіктестік те жеткілікті.
Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқартуға міндеттеме алды. Агросектор оны жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Бұл ретте, жүйелі тәсіл – ғылымнан тәжірибеге дейін – елдің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуының негізі болатынына сенімдімін», – деді Академия президенті Ақылбек Күрішбаев.
А.Күрішбаев Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту бойынша Академия айқындаған басым міндеттерді атап өтті:
- Мемлекеттік саясатты әзірлеу және институционализациялау:
Көміртекті егіншіліктің нақты мақсаттары, басымдықтары және ведомствоаралық үйлестіру тетіктері көрсетілген жан-жақты тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдау;
- Ғылыми негізделген агротехнологияларды енгізу:
Әрбір өңірдің агроэкологиялық ерекшеліктеріне бейімделген, көміртекті үнемдейтін тәжірибелерді әзірлеу және кеңінен енгізу, оның ішінде регенеративті егіншілік, нөлдік өңдеу, жамылғы дақылдары мен агроорман шаруашылығына басымдық беру;
- Көміртекті полигондар желісін құру:
Ұзақ мерзімді мониторинг, технологиялардың тиімділігін бағалау және климаттық тұрғыдан бейтарап практикаларды көрсету мақсатында өңірлік репрезентативті полигондар желісін қалыптастыру;
- Көміртек қорларын карталау және кадастр жүйесін енгізу:
Топырақтың көміртек әлеуетін ұлттық және өңірлік деңгейде дәл бағалау және есепке алу үшін қашықтықтан зондтау, ГАЖ, жасанды интеллект және математикалық модельдеу негізіндегі озық карталау жүйелерін енгізу;
- Көміртек бірліктерін верификациялау және есепке алу тетіктерін әзірлеу:
Квота саудасы жүйесіне қатысуға және көміртекті үнемдейтін технологияларды субсидиялау мен инвестиция тартуға мүмкіндік беретін көміртек бірліктерін верификациялау мен есепке алудың институционалдық тетіктерін құру.
Іс-шара нәтижесінде көміртекті және органикалық егіншілікті дамытуға арналған, ғылыми тұрғыдан негізделген шаралар мен оларды ұлттық деңгейде іске асыру тетіктерін қамтитын резолюция әзірленеді.