Елімізде әрбір екінші тұрғын, яғни 8 миллионнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Алайда солардың ішінде тек әрбір үшінші жас қана салауатты өмір салтын ұстанады. Осы көрсеткішті жақсарту мақсатында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты «Чемпиондық рух» жобасын табысты жүзеге асыруды жалғастырып келеді.
Ашық аспан астындағы бұқаралық жаттығулар еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Мәселен, Алматы қаласындағы «Астана» алаңына жиналған қатысушыларға танымал чемпиондар дене шынықтыру жаттығуын жасатты. Олардың қатарында боксшы Қанат Ислам, грэпплинг шебері Айгерім Әбілқадырова, ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаев, джиу-джитсу мамандары және ММА спортшылары бар. Чемпиондар жаттығуларды дұрыс орындау тәсілдерін көрсетіп қана қоймай, жастармен еркін форматта әңгімелесті.
– Ең мықты қарсылас – ішіміздегі жалқаулық пен қорқыныш. Таңғы жаттығу – осы кедергілерді жеңудің алғашқы қадамы. «Чемпиондық рух» секілді жобалар жастардың өз-өзіне деген сенімін арттырып, болашаққа деген көзқарасын өзгертеді», – дейді Қанат Ислам.
Жобаның амбассадоры, джиу-джитсу және грэпплингтен спорт шебері, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров чемпион болу үшін күн сайын өзіңді жеңу керек екенін айтты:
– Чемпион болу – тұғырдан емес, санаңнан басталады. Бұл – тәртіптен, ешкім көрмей тұрғанда ерте тұра білуден, ешкім қол соқпағанда еңбек етуден басталатын жол. Біз жастарға мынаны жеткізгіміз келеді: рухтың беріктігі мен өзіңе деген сенім – кез келген жеңістің іргетасы, – деді ол.
Өскемен қаласындағы «Жеңіс» саябағында өткен шеберлік сабағын 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері, белгілі дзюдошы Айдын Смағұлов пен дзюдо және самбодан Қазақстан чемпионы, «Aqtai Judo Club» клубының негізін қалаушы Руслан Ақтаев өткізді.
– Мұндай іс-шаралар жиі өтсе, жақсы болар еді. Өзің де телефон мен гаджеттерге телмірмей, спортпен көбірек айналыссаң, балаң да соны көріп қайталайды. Сол арқылы біз салауатты ұрпақ тәрбиелейміз, – дейді Өскемен тұрғыны Әли Мұсабеков.
Атырау қаласында Сұлтан Бейбарыс алаңында өткен спорттық жаттығуларға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, тек жаттығу жасап қана қоймай, бокс, таэквондо, дзюдо және каратэ секілді спорт түрлерінен тартымды көрсетілімдерді тамашалады. Осындай ашық жаттығулар еліміздің өзге де өңірлерінде ұйымдастырылды.