Қажылыққа жолдама берген Данияр Имашевтың басы тағы дауға қалды

/
Қажылыққа жолдама берген Данияр Имашевтың басы тағы дауға қалды
Әлеуметтік желіден

Айтыскер Балғынбек Имашевтың ұлынан қажылыққа жолдама сатып алдық деген тағы 40 шақты адам шу шығарды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар ақшасын да қайтара алмай жүр, деп хабарлайды turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Бүгін Алматыдағы зардап шегушілер полиция басқармасына барып, тергеудің қалай жүріп жатқанын білуге тырысты.

“19 сәуірде ұшуым керек еді, сол уақыттан бері ешқайда ұшқан жоқпыз. Ақшамыз да қайтарылмай жатыр. Жұмаға дейін деген, ең соңғы уәдесі Құрбан айтқа дейін қайтарамыз деген. Директоры Имашев Данияр деген жігіт”, – дейді Берік Маржанов.

Әрқайсысы жолдамаға шамамен 500 мың теңгеден төлеген. Яғни айтыскердің ұлы оларға жалпы сомасы 20 миллион теңге қарыз дейді. Оларға Мекке мен Мәдинадағы үш және төрт жұлдызды қонақ үйде тұру уәде етілген.

Сан соғып қалғандар компанияны әлеуметтік желі арқылы тапқан. Балғынбек Имашевтің өзі жарнамалаған соң, "имандай сендік" дейді. Ал қазір не өзі, не ұлы байланысқа шықпай отыр екен. Журналистер қоңырау шалғанда да айтыскер сол күйі жауап бермеген.

Еске салсақ, бұған дейін дәл осы компанияға алданған 50-ге тарта адам жаппай полицияға шағым түсіріп, іле-шала Данияр Имашев алған қаражатын қайтарып берген. Бұл жолы да зардап шеккендер полицияға жүгініп, алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.

“Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу жүргізіліп жатыр.  Сараптама зерттеулер тағайындалды. Іс материалдары міндетті түрде сотқа жолданылады”, – дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары