Белгілі қазақстандық актер Дәурен Серғазин қысқа әзілдермен көрермен көзайымына айналған әзілкештердің киноға көптеп түсіп жүргеніне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.
«Заман талабы солай. Мен біреуге киноға түспе деп айта алмаймын. Ол біреудің арманы шығар. Тағдыры, бағы солай болуы да мүмкін. Таланты бар, әрекеті жоқ адамдар да бар ғой. Сондықтан әрекет ет те қалағаныңа қол жеткіз. Таныс тосатын заман емес. Жайдарманшылардың мектебі жақсы. Олар бес минуттың ішінде бірнәрсе ойлап табуға тырысады. Соның әсерімен тым батыл қадам жасайтын сәттері көп болады. Тым батыл қадам — екінші бақыт деп те айтылады ғой. Бір жерден жарып шығу, өзіңді тез арада көрсетіп үлгеру, пысықтық олардың бойынан табылып жатады. Ал театрда бұл жағы бәсеңдеу. Өйткені ондағылар мұндай әрекетке салмақты қарайды. «Ел не дейді?», «Анау қалай ойлайды?» деп жүз рет ойланамыз. Сол жағынан жайдарманшылар мықты. Қазір мойындау керек, мысалы комедия жанрының дамып кетуі осы «КВН-шиктердің» арқасы», - деді актер Нұржан Қауановқа берген сұхбаты кезінде.