Нормативтің кесірінен мектептері жабылған 12 ауыл халқының обалы кімге? – Нартай Сәрсенғалиев

/
Нормативтің кесірінен мектептері жабылған 12 ауыл халқының обалы кімге? – Нартай Сәрсенғалиев
сурет: parlam.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа ауыл мектептерінің жабылуы мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгінгі депутаттық сауалым мемлекеттік органның бұйрығының салдарынан шақшадай басы шарадай болған бұқара мен жабылған білім ордасының орнында опық жеп отырған қарапайым адамдардың арызы хақында», – деді ол.

Сәрсенғалиевтің айтуынша, мемлекеттік органдар әлеуметтік нысандарды ашу немесе мектептерді салу кезінде «пәленше адам болса ғана түгенше шаршы метр ғимарат салынады» деген қағидамен әрекет етеді. Мұндай тәсіл қағаз жүзінде қисынды көрінгенімен, ауылдағы нақты жағдайды ескермейді.

Депутаттың айтуынша, соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында 12 бастауыш мектеп жабылса, 2024 жылы тағы 4 мектеп таратылған.

«Бұл расында төбемізге жай түскендей әсер етті», – деді ол.

Сәрсенғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деген сөзін мысалға келтіре отырып, білім ошақтарының жабылуының ауыл тұрғындары үшін ауыр салдары бар екенін айтты. Оның сөзінше, мектептердің жабылуы балалардың өзге ауылдарға қатынап оқуына, ата-аналардың көшіп кетуіне, ал соның нәтижесінде ауылдардың мүлде жойылуына алып келуі мүмкін.

«Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек, бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеуі үшін белгіленген ең аз оқушы санына қатысты сұрақ жетіп артылады», – деді депутат.

Ол сондай-ақ шекараға жақын орналасқан Батыс Қазақстан облысының 8 ауданының 7-інде мектептердің жабылу қаупі бар екенін айтып, бірқатар нақты мысал келтірді. Соның бірі – Жиекқұм елді мекеніндегі Темір Масин атындағы мектеп.

Нартай Сәрсенғалиев өз ұсынысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы №185 бұйрығындағы 2.2., 2.3., 2.4. тармақтарына «ерекше жағдайда» деген тіркесті енгізуді немесе шекаралық ауылдар үшін оқушы санына қатысты нормативтерді жеңілдетуді ұсынды.

«Әйтпесе шекаралық ауылдар мектепсіз қалады, салдарынан ел көшеді, жер иесіз болады. Ал «бос жатқан жер жау шақырады», бұл – қазақтың сөзі», – деп түйіндеді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары