Алматыда 46 жастағы әйел емханада салынған инъекциядан кейін комаға түсті

/
Алматыда 46 жастағы әйел емханада салынған инъекциядан кейін комаға түсті
istockphoto

Алматы тұрғыны емханада жасалған инъекциядан кейін комаға түсті. №28 қалалық емхана өкілдері науқастың анафилактикалық шок алғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әйелдің инъекциядан кейін комаға түскені туралы ақпаратты Kazinform агенттігі әйелдің күйеуіне сілтеме жасап хабарлады. Ер адамның айтуынша, 46 жастағы әйел 3 маусымнан бері комада жатыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Ал №28 қалалық емханадағылар NUR.KZ тілшісіне науқаста негізгі инъекцияға емес, препараттың сынамасына жедел аллергиялық реакция (анафилактикалық шок) болғанын айтты.

"Сынама клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізілді, дәл содан кейін реакция болды. Медицина қызметкерлері белгіленген стандарттар бойынша қатаң түрде жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оқиға орнында жедел медициналық көмек көрсетті.

Сондай-ақ пациентке алдын ала медициналық процедуралар қабылдау туралы ақпарат түсіндірілгенін, ол келісім парағына қол қойғанын хабарлаймыз, онда оның қандай да бір дәрілік затқа аллергиясы бары көрсетілмеген. Бұл медицина қызметкерлерінің тәуекелді ерте бағалау мүмкіндігін шектеді", - дейді емхана өкілдері.

Сондай-ақ мекеме диалогқа ашық және қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті ақпаратты туыстарына да, уәкілетті мемлекеттік органдарға да ұсынғанын жеткізді.

Бұл ақпаратқа қатысты Алматы полиция департаменті де түсінік берді.

"Түрксіб аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімі аталған дерек бойынша тергеу амалдарын бастады. Қазір медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне іс материалдары жолданды. Олардың ұйғарымы бойынша, егер дәрігердің қателігі дәлелденетін болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер жүргізіледі", - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары