Солтүстік Қазақстанда тағы бір елдімекен ішімдіктен бас тартты

/
Солтүстік Қазақстанда тағы бір елдімекен ішімдіктен бас тартты
Видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір елдімекен арақ-шараптан бас тартты, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жолы Сулышоқ ауылының тұрғындары бірауыздан осындай шешім қабылдады. Оған ақсақалдар алқасы ұйытқы болған. Ауыл Қазақстан мен Ресей шекарасында орналасқан. Мұнда 50-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Қаймағы бұзылмаған ел үлкендердің өсиетін қашан да құп алған. Бұл жолы олар арақтан бас тартты.

"Арақ-шарап сатпайтын ауыл болайық деп, байсалды ауыл болайық деп, тойларда арақ-шарап болмасын деп, жастарға ертең үлгі болсын деп осындай шешім қабылдадық. Игі бастамалар біздің алдымызда облыс бойынша жүріп жатыр ғой. Соларды біз қолдап, қариялар бәріміз ақылдасып, байсалды ауыл болайық дедік", - дейді Сулышоқ ауылының тұрғыны Тоқтамыс Жанбүтенов.

Сулышоқ ауылында арақ-шарап сатылмайды. Той-жиындар да ішімдіксіз өтеді.

"Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік берді", - дейді тұрғындар.

Елдімекенде соңғы жылдары ұрлық-қарлық секілді қылмыстар тыйылған.

"Жастарымыз қазір алкогольдік ішімдіктерді қолданбайды. Және олар көбінесе өзінің қазіргі қазақи тұрғыда, өзі қазақы ауылда тұрғандықтан, өздерінің қазақылықтарын жоғары деңгейде сақтайды. Біздің округтің өзі учаскелік полиция бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасайды", - дейді Өспен ауылдық округінің әкімі Сарагүл Бейсенбаева.

Бұл үрдіс басқа да ауылдарға үлгі болады. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 13 елдімекеннің тұрғындары арақ-шараптан түбегейлі бас тартқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары