«Телефон қолдануға рұқсат еткен»: Изоляторға қамалғандардан 2 млн теңге пара алған астаналық полицей сотталды

/
«Телефон қолдануға рұқсат еткен»: Изоляторға қамалғандардан 2 млн теңге пара алған астаналық полицей сотталды
ашық дереккөзден

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 26 эпизод бойынша бірнеше рет пара алғаны, сондай-ақ басқа сотталушыларға қатысты пара бергені үшін полицейге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталушы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторының қызметкері бола отырып, 2023 жылғы қараша мен 2024 жылғы сәуір аралығында изоляторда ұсталған 26 тергеудегі тұлғаларға ұялы телефонды пайдалану құқығын заңсыз бергені үшін жалпы сомасы 1,9 млн теңгеден астам пара алған. Кейіннен барлық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Прокурор экс полицейді 10 жыл бас бостандығынан айыруды, екі сотталушыны 4 жыл бас бостандығынан айыруды, ал қалған 24 сотталушыға ең аз мөлшерде айыппұл жазасын тағайындауды сұрады.

Сот сотталушыларда кәмелетке толмағандар мен жас балалардың болуын, сондай-ақ кейбір сотталушылардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Ауырлататын жағдай – сотталушы Ж.-ға қатысты антты бұзуы.

«Жасалған қылмыстың мән-жайын ескере отырып, сот Ж.-ны ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.

Қалған екі күдікті кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«23 сотталушыға қатысты қылмыстық іс өкінуге байланысты тоқтатылды, өйткені олар тергеу кезінде жақын туыстарымен байланыс мүмкіндігін орнату үшін ұялы телефонды пайдалануға қатысты пара беруге мәжбүр болған», – делінген жазбада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары