Қазақстанға жаңа керқұландар тобы әкелінді. Бұл — “Жабайы жылқылардың оралуы” жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал, деп хабарлайды turkystan.kz Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
Жаңа керқұландар тобы Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 2 маусым күні төрт жылқыдан тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен ұшып шықты. Жануарлар бір тәуліктей алыс жол асырды. 3 маусым күні таң ата екі ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады да, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.
«Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару — біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі — екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, «Алтын Дала» мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын», — дейді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
«Осымен Прага зоопаркінің Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдауы. Еуропалық зоопаркілер мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз», — дейді Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек.
Керқұлан (Кертағы) — әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан құрып кетті. Содан бері түрді қалпына келтіру бағдарламаларына зоопаркілерде сақталған бүкіл керқұланның үлесі тиді. Қазақстанда жабайы жылқыларды қалпына келтіру жобасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен, АСБК-мен, Франкфурт зоология қоғамымен, Нюрнберг зоопаркімен, Берлин зоопаркі және Берлин жануарлар паркі бірлескен Tierpark Берлинмен, Hortobágy ұлттық паркімен серіктестікте 2024 жылы басталды. Жабайы жылқыларды Қазақстанға қайта жерсіндіру жұмысы бұдан бұрын жануарлардың Прага зоопаркінен Моңғолиядағы мекеніне сәтті қайтарылған тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асады.
Бірінші топ 7 бас керқұлан Қазақстанға 2024 жылғы маусымда келді. Орталықтың мамандары мен мал дәрігерлері жыл бойы жылқыларды бақылады. Жануарлар алғаш рет Торғай даласындағы -30 °C аязды қысын аман-есен қыстап шықты, үйренді, қажетті ветеринарлық тексерулерден өтті. Умбре мен Веспе деген екі биеге жануарларды босатқаннан кейін қозғалысын бақылайтын GPS-қарғыбауы тағылды. Босатылған жылқыларды қорғау және бақылау жұмысын мемлекеттік инспекторлар мен АСБК қызметкерлері орындайды.
«Керқұландардың алғаш тобын Орталық Қазақстанның жабайы табиғатына жіберу — түрді тарихи мекеніне қайтару жобасын іске асырудағы маңызды қадам. Реинтродукция орталығында жыл бойы күтіп қаралған жануарлар — мамандар мен мал дәрігерлері командасының атқарған тиімді жұмысының нәтижесі», — дейді АСБК атқарушы директоры Вера Воронова.
2029 жылға дейін Торғай даласына жануарлардың одан әрі көбейіп, тұрақты популяция түзуіне жетерліктей 40–45 бас жылқы әкелу жоспарда. Қостанай облысының оңтүстігіндегі «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты жайылым жері жақсы, суы бар болғандықтан жерсіндіру орны боп таңдалды. Жабайы табиғатқа жібергеннен кейін жылқылардың қауіпсіздігін мемлекеттік инспекторлар қамтамасыз етеді.
Жылқылар мен құландар секілді ірі тұяқтылардың дала экожүйелерінің қалыпты жұмысына тигізетін пайдасы орасан зор. Олар алыс арақашықтықта өсімдік жамылғысын ретке келтіріп, топырақтың құнарлануына ықпал етеді. Өсімдік биомассасын азайту арқылы өрт қаупін де төмендетеді, олардың көңі мен қалдығы — омыртқасыздардың көптеген түрлеріне ресурс. Бұл жануарлардың маусымдық қоныс аударуы экожүйелердегі шалғай аумақтарды өзара жалғайды. Қыста олар өзге де түрлердің тіршілігін жеңілдетеді — суға апаратын жол салады, қалың қарды таптап, астынан жем-шөп алып жеуін ықшамдап қояды. Қоректік тізбек қатарына кіретін тұяқтылар жыртқыштар мен өлексе жегіштерге азық.
Анықтама:
Пржевальский жылқысы (Equus przewalskii Poljakov) 2021 жылы Қазақстандағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізіміне енді. Бұдан бөлек Пржевальский жылқысы Халықаралық жабайы фауна мен флораның құрып кету қаупі төніп тұрған түрлерін саудаға салу туралы конвенцияның (СИТЕС) II Қосымшасына кіреді.
Керқұландарды босататын жер ретінде Қостанай облысындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының даласы таңдалды. Резерват 2012 жылы құрылды, жалпы ауданы — 489 766 га. Орталық «Алтын дала» табиғат қорғау бастамасының аясында құрылды, басқарушы ұйым — Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК). Орталықта 2017 жылдан бері мамандар мен инфрақұрылым арқасында құланды жерсіндіру жұмыстары сәтті жүріп жатыр.
Пржевальский жылқысын бұрынғы мекеніне қайтару жобасы аясындағы партнёр ұйымдар — ҚР ЭТРМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, Прага зоопаркі, АСБК, Франкфурт зоология қоғамы, Нюрнберг зоопаркі, Tierpark Berlin, Hortobágy ұлттық паркі. 2023 жылғы 28 ақпанда партнёрлер Мәмілеге келу меморандумына қол қойған. Ол құжатта алдағы 4–5 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан кем дегенде 40 жабайы жылқыны бұрынғы мекеніне қайтару міндеттері жазылған.
Жобаның партнёрлері туралы анықтама:
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті — Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бағынатын мемлекеттік орган. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау, молайту және пайдалану жөнінде қызметті іске асыратын, бақылайтын, қадағалайтын ұйым.
Прага зоопаркі — Пржевальский жылқысының асыл тұқымдарына ие және еуропалық жойылып бара жатқан түрлерді сақтау бағдарламасын басқарады. Прага зоопаркі 2012–2019 жылдары керқұландарды Моңғолиядағы бұрынғы мекеніне қайтару жобасын ұйымдастырып, іске асырған.
Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) — биологиялық алуандық және экосауат ашу саласында жұмыс істейтін Қазақстандағы үкіметтік емес ұйым. 2017 жылы АСБК керқұландар мен құландарды Орталық Қазақстанға қайта жерсіндіру мақсатымен жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығын құрды. Жабайы тұяқтыларды бұрынғы мекеніне қайтару бағдарламалары «Алтын дала» табиғат қорғау бастамасының аясында жүріп жатыр.
«Алтын дала» табиғат қорғау бастамасы — ұлттық және халықаралық табиғат қорғау ұйымдары бірлескен үлкен жоба. АСБК 2005 жылдан бері Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен, Франкфурт зоология қоғамымен (FZS), «Фауна ән Флора» ұйымымен (F&F), Королдік Ұлыбританиядағы құстарды қорғау қоғамымен (RSPB) бірге осы бастаманы іске асыруда атсалысып келеді. Оның мақсаты — Қазақстандағы бірегей дала экожүйелерін сақтау және зерттеу мен негізгі түрлерді қалпына келтіру.
Франкфурт зоология қоғамы (FZS) — әлемдегі 18 елдің жойылып бара жатқан түрлері мен экожүйелерін қорғау жобаларын басқаратын халықаралық ұйым. 2005 жылы «Алтын дала» табиғат қорғау бастамасының құрылтайшыларының бірі болды. 2017 жылдан бері Орталық Қазақстан даласына құландарды қайтару жобасын қолдап келеді.
Нюрнберг зоопаркі — жойылып бара жатқан түрлерді мекендейтін өңірінде сақтап қалуды сол өңірмен серіктестікте жүзеге асыратын қоғамдық коммерциялық емес зоология паркі.
Hortobágy — әлем бойынша керқұландардың ең үлкен популяциясы мекендейтін мажар ұлттық паркі.