411
Шетелдегі қандастардың жанайқайы
Шетелдегі қандастардың жанайқайы
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында палата депутаты Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа Ресей қазақтарының мұң-мұқтажына қатысты депутаттық сауал жолдады.
«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Менің депутаттық сауал жолдауыма, 2017 жылғы 5 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған басылым тілшісі Қарашаш Тоқсанбайдың «Шүй қазағының» тілі немесе атажұртқа айтар наз» деген Ресейдің таулы Алтай Республикасында қазақ тілінде шығатын «Шүйдің нұры» газетінің редакторы Арқалық Солтановпен жіргізген сұхбаты себеп болып отыр», - деп бастады сөзін Айтаханов. Оның сөзінше, қандасымыз Арқалық Солтанов өзінің сұхбатында Ресейдің таулы аймағында Алтай өңірінің Қосағаш ауданында 10 мың ғана қазақ тұратынын, олар өңір халқымен береке-бірлікте, бауырласып өмір сүріп жатқанын айта келе, ата-бабалары қанша қасіретті өткізсе де, ана тілі мен дінін сақтап, өздеріне аманат етіп жеткізгенін, қанша қиыншылықтар болса да, ана тілін сақтап қалуға бар күш-жірегін жұмсап жатқандарын айтады. Алайда өңірде арнайы қазақ мектебі болмағандықтан, қазақ тілінің сабағы пән есебінде өткізіледі. Осы орайда, олар шалғайдағы және шетелдегі қандастарына қамқоршы болып, қазақ тіліндегі оқулықтарды тегін жеткізіп беріп жатқаны үшін ата-жұрты - Қазақстанға, Елбасымызға шексіз ризашылығын білдіреді.
«Сонымен бірге Қазақстаннан келіп жатқан қазақ тіліндегі оқулықтардың шаңға батып, пайдалана қоймайтындықтарына да қынжылады. Оның негізгі себебі, Ресей мемлекетінің заңы бойынша бұл оқулықтар сараптамадан өтпейінше, қолданысқа тыйым салынған екен. Ресей территориясында қазақ тілінде оқулықтар шығарылмайды. Қазақ тілі оқулығы туралы Ресейдегі қазақ мәдени орталықтарына, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігіне, Алтай Республикасына арнайы Қазақстаннан келген өкілдерге де өтініштерін жеткізгенін, алайда бұл өтініштерден еш нәтиже шықпағанын айтады. «Ресей мемлекеті, Алтай Республикасының білім министрлігі бізге туған тілдеріңді оқымайсыңдар деп қысым жасап отырған жоқ», - дейді.
Алайда Ресей заңында егер мектептерде оқылатын пәндердің оқулықтары жоқ болса, сол пән жабылуға ұшырайды деп жазылған. Енді жаңа оқу жылына дейін қазақ тілі оқулықтарының мәселесі шешілмесе, қазақ тілі сабақтары толық жабылып қалуы мүмкін дейді», - деп атап өтті сенатор. Сондықтан депутат ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ресейдің Білім министрлігімен бірлесіп, Қазақстаннан келген оқулықтарды емін-еркін пайдалануға жол ашып берсе, бұл тек Ресейдің Алтай өлкесінде тұратын 12 мың қазақтың ғана емес, бүкіл РФ-да тұратын миллионға жуық қазақтың мәселесінің шешілетіндігін айтады.
«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, қандас бауырларымыздың қазақ тіліне деген жанайқайынан, Ресей мемлекетінде қазақ тілінде оқылатын мектептердің жоқ екендігі, қазақ тілі тек пән ретінде оқылатындығы, бірақ ол да оқулықтардың болмауынан тоқтап тұрғаны, Қазақстаннан барған оқулықтардың шаң басып, пайдаланылмай жатқаны, Ресейдің оқу бағдарламасына сай, қазақ тілі оқулықтарын шығаруға ешқандай құлығы жоқ екендігі, бұл мәселелерді тек үкіметаралық келісімшарт арқылы ғана шешуге болатынын түсінуге болады», - деді депутат.
Оның сөзінше, мұндай жағдайлар біздің қандастырымыз тұратын басқа да елдерде орын алуы мүмкін. «Әрине, бұл мәселелер тиісті елдердің ішкі жұмысы екені белгілі, дегенмен шет елдегі қандастарымыздың өз ана тілдерін оқуларына жағдай жасау үшін қол беру, басқа да рухани мұң-мұқтаждарын өтеуде екі елдің тиісті министрліктеріне бірлесіп шешуіне болады ғой деп ойлаймын. Осыған байланысты, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, шетелдерде тұратын қандастарымызды қазақ тілі оқулықтарымен қамтамасыз етуге назар аударып, отандық оқулықтардың кедергісіз оқытылуына немесе тиісті мемлекеттік оқу бағдарламаларына сай, қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға методикалық көмектер беру арқылы, сол елдерде тұратын қандастарымыздың ана тілінде оқуына, тағы басқа рүхани мұң-мұқтаждарын өтеуге жағдай жасауға ықпал етуіңізді сұраймын!», - делінеді аталмыш сауалда.