Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоилов екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және парламентаралық қатынастарды дамыту жөніндегі уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Отырысты ашқан Мәжіліс спикері соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасында жоғары деңгейдегі бірқатар өзара сапар өтіп, Одақтастық қатынастар туралы және Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шарттар мен 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық әріптестік бағдарламасы сияқты тарихи құжаттарға қол қойылғанын атап өтті.
– Екі ел президенттерінің саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек байланысы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге жетті. 100-ден астам келісімнен тұратын берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Олар біздің қарым-қатынастарымыздың барлық саласын қамтиды. Ынтымақтастықтың жаңа форматының институционалдық негізі қаланды. Президенттеріміз ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды ілгерілету үшін нақты міндеттер қойды, – деді Ерлан Қошанов.
Ол екі ел арасындағы парламентаралық ықпалдастықтың жүйелі сипат алып, нақты мазмұнмен толыға түскеніне назар аударды. Бұл үрдіс көпжақты алаңдарда да жүзеге асуда. Іске асырылған бастамалар қатарында Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы, Орталық Азия елдері әйелдері диалогы аясындағы іс-шаралар және Ташкент қаласында табысты өткен Халықаралық Парламентаралық Одақтың 150-ші Ассамблеясы бар.
Өз кезегінде, Нуриддин Исмоилов парламентаралық диалог елдер арасындағы сенімді нығайтудың маңызды факторы екенін және мемлекет басшыларының стратегиялық келісімдерін жүзеге асыруға септігін тигізетінін айтты.
– Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің форматы жүйелі әрі практикалық мәні зор. Парламенттік диалог мемлекетаралық ынтымақтастыққа ілесіп қана қоймай, сонымен қатар оны нығайтуға, экономика, әлеуметтік сала, білім беру және гуманитарлық бағыттағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге ықпал етуге тиіс деген пікірдеміз, – деді Олий Мажлис Заң шығару палатасының спикері.
Кеңестің екінші отырысының негізгі тақырыбы экономика, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастықтың перспективаларына, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы жобаларға арналды.
Тараптар сауда-экономика мен аграрлық салалардағы серіктестікті кеңейту, мәдениет пен білім бағытындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау, экология, энергетика және су ресурстары мәселелерін бірлесіп шешу бойынша екі ел көшбасшылары арасындағы келісімдерді іске асыруда ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері күн тәртібіндегі басым бағыттарға назар аударды. Олардың қатарында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті де бар. Депутаттар осы межеге тезірек қол жеткізу үшін қажетті заңнамалық шараларды талқылады.
– Бүгінде Қазақстан Өзбекстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын 4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Соңғы жылдары өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші өнеркәсіптік кооперация, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы және логистика болып отыр, – деді Ерлан Қошанов.
Отырыс барысында депутаттар жоғары деңгейде қол жеткізілген үш негізгі көлік-логистика жобасының жүзеге асырылу мәселелерін де талқылады. Олар: Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы, Ташкент облысында Көпфункционалды логистика орталығын құру, сондай-ақ Қызылорда – Үшқұдық теміржол және автомобиль жолының құрылысы.
Сонымен қатар Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисының Заң шығарушы палатасы делегациясына Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің тапсырмаларын орындау бойынша жүзеге асырылған өнеркәсіптік жобалар таныстырылды. Олардың ішінде бірқатар бірлескен кәсіпорын бар. Атап айтқанда, Қостанай облысындағы автокөлік зауыты, Қарағанды облысындағы тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын мен Шымкент қаласындағы медициналық бұйымдар өндірісімен айналысатын зауыт. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға Алматы маңында орналасқан Alatau City – инновациялық қаласы және «Жаңа Жібек жолы» бойындағы жаһандық туристік орталығы таныстырылды. Жобаның алғашқы кезегін іске қосу 2030 жылға жоспарланған. Alatau City жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етіп, өңірдегі даму орталығына айналуға тиіс.
Жұмыс сапарының бағдарламасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында орналасқан Farabi HUB жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамыту платформасына және Алматы қаласының мәдени нысандарына бару жоспарланған.
Анықтама үшін: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисының Заң шығарушы палатасы арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесті құру туралы шешім Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2021 жылғы желтоқсан айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында қабылданды. Оның алғашқы отырысы 2023 жылы қазан айында Ташкент қаласында өтті. Кеңес – екі елдің мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға жәрдемдесу және заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатымен құрылған бірлескен жұмыс органы.