Ақсай қаласында ер адам бензопиламен жанармай құю станциясының аумағында адамдарды қуалаған. Оқиға қаланың 10-шағынауданында орын алды. Куәгер болған жағдайды видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
«2025 жылғы 30 мамырда сағат 00:30-да Бөрлі ауданы полиция бөлімінің «102» пультіне «Нефтэк» жанармай құю станциясы аумағында белгісіз адамның бензопиламен жүргені, агрессивті әрекет жасап, көлік құралдары мен адамдарға шабуылдағаны туралы хабарлама келіп түсті», – деп хабарлады Бөрлі ауданының полиция бөлімі.
Құқық қорғау органдары құқық бұзушыны ұстады. Оның 1989 жылы туған азамат екені анықталды. Ол Уақытша бейімделу және детоксикациялау орталығына орналастырылды.
«Азамат Т.-ны Батыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығына орналастыру мәселесі қарастырылуда», – деп толықтырды полиция бөлімі.