Атырауда белгісіз біреу көлікке оқ атып, үш адам жараланды

/
Атырауда белгісіз біреу көлікке оқ атып, үш адам жараланды
istockphoto.com

27 мамыркүні кешкісін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында қарулы шабуыл орын алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, Subaru Outback автокөлігінде отырған үш жергілікті тұрғынға белгісіз біреу оқ атқан. Олардың барлығы әртүрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккендердің бірі ауыр халде санитарлық авиациямен Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған оқиға бойынша "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Сонымен қатар, атысқа қатысы бар тұлғаларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 27 мамыр күні кешке зардап шеккен үш адамның аудандық ауруханаға жеткізілгенін растады. Олардың біреуі шұғыл түрде Атырауға эвакуацияланып, медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

"Медициналық қызметкерлердің жедел әрекетінің арқасында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетілді. Шокқа қарсы және қан тоқтату терапиясы, ауырсынуды басу шаралары жүргізілді, оттегі мен инфузиялық терапия қолданылып, тиісті ем тағайындалды", – деп хабарлады ведомство.

Шабуылдың себебі туралы мәлімет жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары