Ақтөбе облысындағы «Болашақ» шахтасында болған апатты тексеру үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«27 мамыр күні Ақтөбе облысына «Қазхром» трансұлттық компаниясының филиалы – Дон тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасында орын алған оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов пен ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кеңгірбай Есенеев келді», – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Вице-министр кәсіпорын басшылығы және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізді.
Жиын қорытындысы бойынша, вице-министр апатты тексеру үшін Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары төрағалық ететін комиссия құруды тапсырды. Комиссияға апаттың себептері мен мән-жайларын анықтау жүктелді. Сутегі газының қайталанатын бөлінуі мен жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шахтадағы барлық жұмыстар уақытша тоқтатылды.
Сонымен қатар, сутегі мен басқа да газдардың бөлінуін зерттеп, олардың жұмыс қауіпсіздігіне әсерін анықтау үшін ғылыми-зерттеу институттарын тарту қажеттілігі атап өтілді.