Түркістан облысында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі кәмелет жасына толмаған балаға жыныстық сипаттағы сексуалдық әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынды, деп хабралады turkystan.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Қазығұрт ауданында болған. Әуелі мұғалім оқушы қызға SMS хабарлама жазып жүрген. Кейін шәкіртіне Шымкентке бірге барып қайтуға ұсыныс жасаған дейді қыздың анасы. Серуендеп келеміз деген сөзге сенген 8-сынып оқушысы түнгі он екіде үйден өз еркімен шыққанын мойындап отыр. Алайда ұстазының көлігіне отырғасын тізгін басқа бағытқа ауысып, жан баласы жоқ аумаққа алып барғанын айтады.
“Мен сені жақсы көрем деп, сөзі өзгере бастады. Содан соң құшақтап, сүйіп, көкірегімнен, санымнан ұстады. Сол кезде қолын қайтарған едім. Машинадан алыстау жерде болған. Не істеп жатқанын білмеймін. Теріс қарап тұрған. Машинадан түсіп, бірдеңе болып қалмасын деген ой болды менде. Сосын мен өзім машинадан түсіп әрі қарай үйге жақын бірінші қиылыстан тоқтаған еді. Үйге бара жатсам, үйдің жарығы жанып тұр. Үйдегілер мені іздеп жатыр екен”, – дейді оқушы.
Ұстазынан азғындық көрген оқушыны қазір ата-анасы психологқа алып баруға мәжбүр. Қала берді күн сайын тергеу табалдырығын тоздырып жүрміз дейді. Одан бөлек мектептің өзге мұғалімдері де қысым жасағанын айтып отыр.
"Бұлар қазір өздерін өздері қорғап, ағайларын қорғап, директорын қорғап, өздерін өздері қорғай беретін болса, сонда оқушылар қайда қалды? "Біздің екі үш апай ертең жұмыстан босайын деп тұр. Сен анаң мен әкеңе әр нәрсені айта берме. Бәрібір ертең оқитын мектебің ғой” деп әрдеңені айтқан. Менің түсінігімше ол қорқытқанға жатады", – дейді қыздың анасы Гүлжауһан Медетбекова.
Оқиға болған төртінші тоқсаннан бері мектеп оқушысы мектепке барудан қалған. Мұны мектеп директоры 8-сынып оқушысының күйзеліске түскенімен байланыстырады.
“Қызға педагогикалық, психологиялық көмек қажет. Сол бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазір жұрттың бәрі біліп отыр. Мектептегі құрбы-құрдастары да біледі. Сондықтан жұрттан алшақтау ұстайды өзін. Қыркүйектен бастап қалыпты жағдайда оқуға тартамыз”, – дейді Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп директоры Досбол Жамалов.
Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша айып тағылған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қазір қамауда. 38 жастағы ер адамның 5 баласы бар екен. Оның бірінің мүмкіндігі шектеулі. Мұғалімнің еңбек өтілі 16 жыл.