Болат Өтемұратов Астанадағы мұқтаж жандарға 500 пәтердің кілтін сыйлады

/
Болат Өтемұратов Астанадағы мұқтаж жандарға 500 пәтердің кілтін сыйлады
Коллаж: Turkystan.kz

Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры Астана әкімдігіне 500 пәтерді ресми түрде тапсырып, оларды тұрғын үйге мұқтаж азаматтар арасында үлестірді. Пәтерлердің жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Баламекен» қайырымдылық жобасы аясында жаңа пәтерге ие болғандар қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар және бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері бар.

Барлық үйлер жылдам лифтілермен, бет-әлпетті тану жүйесімен, жерасты автотұрақтарымен жабдықталған және аула аумағы кең.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл маңызды әрі уақтылы қайырымдылық жобасы үшін алғысын білдірді. «Бұл бастама — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің және қоғам игілігі үшін жасалған ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Азаматтарымыздың өмір сүру жағдайын жақсартуға қосқан үлесі үшін Болат Өтемұратов қорына алғысымызды білдіреміз», - деп атап өтті елорда әкімі.

Жаңа пәтерге ие болған өрт сөндіруші Ерлан Шайхымов өз әсерімен бөлісті.

«Мұндай пәтерді алу – біз үшін нағыз мереке. Мен бес баланың әкесімін, бұл – біз үшін үлкен қолдау. Енді біз болашағымызға сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүре аламыз. Осындай мүмкіндік үшін алғысымыз шексіз», – деді ол.

Болат Өтемұратов қорының «Баламекен» қайырымдылық жобасы 2019 жылы баспанаға мұқтаж қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған. Жоба аясында Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда және Түркістан облыстарында шамамен 1 000 отбасы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар мен табиғи апаттардан зардап шеккендер бар – өз баспанасына қол жеткізді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары