«Туыстары нашақор»: Оралдағы аурухананың бас бухгалтері 35 млн теңге жымқырған

/
«Туыстары нашақор»: Оралдағы аурухананың бас бухгалтері 35 млн теңге жымқырған
istockphoto.com

Оралдағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас бухгалтері 35 миллион теңгеден астам қаржыны иемденгені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Әйел бұл әрекетке өзінің немерелері мен қарт анасын асырау, сондай-ақ ұлы мен келініне трамадол сатып алып беру үшін барғанын мойындады, деп хабарлады turkystan.kz сайты zakon.kz басылымына сілтеме жасап.

Айыптау актісіне сәйкес, айыпталушы облыстық инфекциялық ауруханаға 2005 жылы бухгалтер болып жұмысқа орналасқан. Ол өз ісіне жауапты, білімді және адал маман ретінде танылған. Оның мойнында мекеменің барлық тауарлық-материалдық құндылықтары, мүлкі, жабдықтары, инвентары мен қаржысы үшін толық материалдық жауапкершілік болған. Әріптестері оған сенген, ал басшылық тіпті өздерінің электронды цифрлық қолтаңбасын сеніп тапсырған.

Алайда 2024 жылдың қаңтар айында әйел қызметтік өкілеттіктерін жеке пайдасына пайдалана бастаған. Алғаш рет ол өз картасына заңсыз түрде 1 миллион теңге аударған. Қаңтардан қараша айына дейін айыпталушы барлығы 35 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген. Директор күдік туындаған соң комиссия құрған, тексеріс барысында ұрлық анықталған. Сотта сұралған әріптестері айыпталушы туралы тек жағымды пікір білдірген.

Сотта әйел кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Ол бұл қадамға отбасындағы қиын жағдайға байланысты барғанын түсіндірді. Үлкен ұлы нашақорлыққа шалдыққан, жиі жанжал шығаратын. Кіші ұлы үйленген, келіні де есірткі қолданады. Ұрланған ақша тамаққа, трамадол, психотроптық тамшылар алуға, балалар мен немерелерді асырауға жұмсалған. Сондай-ақ, әйелдің қамқорлығында қарт анасы бар. Ол соттан осы жағдайларды ескеріп, бас бостандығынан айырмауды өтінді. Сотқа дейін 6,1 миллион теңге өтемақы ретінде қайтарылған.

Алайда сот оны ҚР ҚК 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда ұстау белгіленсін. Айыпталушы сот залында қамауға алынсын. Айыпталушыдан 29 866 243 теңге материалдық залал өндіріледі», – делінген сот үкімінде.

Сондай-ақ сот оның үйі мен саяжайын тәркіледі. Үкімді судья Найля Жүнүсова оқыды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары