«АMANAT»: «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты аламан айтыс ұйымдастырылды

/
«АMANAT»: «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты аламан айтыс ұйымдастырылды

Сыр өңірінде «АMANAT» партиясының қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігі «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды. Дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын бақ сынады.

­Өз кезегінде, жыр аламанының тізгінін ұстаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай өңірде айтыс өнерін ұлықтау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында келесі 5-ші отырысты осы Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Ел Президентінің алқалы жиында қабылданған тарихи шешімі өнер мен мәдениеттің құтты ұясына айналған киелі топыраққа, өңір жұртшылығына деген ерекше ықыласы мен сенімі деп білемін. Ал бүгін осынау тарихи шаһарда ақындар төл өнеріміздің абыройын асқақтатуда», – деді ол.

Осы орайда, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтыс өнерінің мәні мен маңызына тоқталып, топқа түскен сөз сүлейлеріне сәттілік тіледі.

«Сыр топырағынан түлеген ақындарымыз айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда.  Өйткені, айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз! Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, бірлік пен ұлт тұтастығының алтын діңгегіне айналған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай! Халықты ізгілікке үндейтін өнердегі шын жүйріктер тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін!», – деді аймақ басшысы.

Осылайша, кіл мықтыда кім мықты анықталған аламанда ақындар Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы тақырыптарын жырға арқау етті. Айтыскерлер ортаға орамды ой тастап, жиналған көпшілікті тапқырлығымен таңқалдырды.

«Мұндай супер дода елімізде 1997 жылы өткен еді. Бүгін міне Қызылордада өңірінде ұйымдастырылды. Елімізде 10 мықты ақын болса, солардың барлығы осында. Осындай жыр додасын өткізіп отырған облыс әкімдігіне, «AMANAT» партиясына шынайы ризашылығымды білдіремін. Залда ине шаншар орын жоқ. Сыр өңірі жұртшылығының өнерге деген ықыласы шалқар шабыт сыйлады», – деді ақын Рүстем Қайыртайұлы.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов, сондай-ақ ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев болды.

Нәтижесінде, аламан айтыстың бас жүлдесі Сара Тоқтамысоваға бұйырды. Бұл ретте жүлделі 1-орын қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын Мұхтар Ниязовқа, ал 3-орын Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы мен Қарағанды облысының ақыны Мақсат Ахановқа табысталды. Сондай-ақ Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы) мен Бекарыс Шойбеков (Түркістан облысы) арнайы жүлдемен марапатталды.

«АMANAT» партиясы алдағы уақытта да ұлттық өнерімізді қолдау бағытында атқарылатын ауқымды жұмысты жалғастыра береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары