Аутизм және психикалық бұзылу белгілері бар балаларға ерте диагностика жасалмайды. Ал олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетілмейді. Жаңартылған хаттамаларға қарамастан, көптеген жалпы тәжірибе дәрігерлері әлі күнге дейін нәрестелердің дамуындағы алаңдатарлық белгілерді дер кезінде байқай алмайды. Сарапшылар диагностиканың бірыңғай алгоритмін енгізуді және ерекше балалары бар отбасыларды қолдау жүйесін құруды ұсынуда.
«AMANAT» партиясының Хатшысы, партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария және Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Петропавлда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін жеке ұйымдардың басшыларымен кездесті. Іс-шараға 300-ден астам адам – өңірдегі белсенді әйелдер, ҮЕҰ басшылары мен жұртшылық өкілдері қатысты.
«Ұлттық құрылтай отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын барынша көп ашу қажет екеніне айрықша назар аударды. Болашақта бұл балалар лайықты өмір сүруі, әлеуметтенуі және біздің қоғамның белсенді мүшелері болуы керек. Сондықтан бұл бағытта заңнамаға көп өзгеріс енгізілді. Биыл партиямыз жаңа түзетулер енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Ең бастысы – кадр, әдістеме және диагностика базасы мықты болуы керек», – деді Шолпан Каринова.
«Мой ребёнок» ҚБ басшысы Татьяна Ковалева атап өткендей, жаңартылған клиникалық хаттамаларға қарамастан, жалпы тәжірибе дәрігерлері, невропатологтар және педиатрлар кішкентай балалардың бойындағы аутизм белгілерін әрдайым ерте жастан анықтай бермейді, тиісті тексерулерге жібермейді және ерте араласу жұмысын қолға алмайды. Ол денсаулық сақтау саласының бастапқы буынында қолдану үшін міндетті бірыңғай диагностикалық алгоритмді, соның ішінде ата-аналармен сауалнама жүргізуді және кең ауқымды тексеру тізімін енгізуді ұсынды.
«Бала өмірінің алғашқы жылында-ақ педиатр оның дамуындағы «алаңдатарлық белгілерді» байқап, шара қолдануға тиіс. Өкінішке қарай, бұл жұмыс жүргізілмей отыр. Ата-аналар баланы тексеруден өткізу кезінде кедергіге тап болады. Мамандарға жолдама берілмейді. Сауалнама жүргізілмейді», – деді ол.
Диагностикадан бөлек, кездесуге қатысушылар бала диагнозына көз жеткізген ата-аналардың психологиялық және ақпараттық оқшаулануы туралы мәселе көтерді. «Көмек» орталығының негізін қалаушы Ғалия Баязитова өңірде Ерекше балалардың ата-аналарын қолдау мектебін құру бастамасын көтеріп, өз пікірін білдірді.
«Диагноз қойылғаннан кейін көп ата-ана қорқыныш, кінә және абыржу сынды сезімдерімен жалғыз күреседі. Бір адамның салы суға кетеді, бірі жұмыстан шығады, ал енді бірі ажырасып тынады. Бізге жүйелі, қауіпсіз, қолдау көрсететін орта қажет», – деді ол.
Осы күні партияластар «№2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ қызметімен және «Қамқорлық» ерте араласу орталығының жұмысымен танысты.