Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың арасында жол-көлік оқиғасына себеп болғандар аз емес. Олардың басым бөлігі – көлік құралын мас күйінде жүргізгендер немесе жылдамдықты шамадан тыс асырғандар, деп хабарлайды turkystan.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Түрме торының ар жағындағы бұл адамдардың бүгінгі күнде жүректері өкінішке толы. Олардың қателіктері қайғылы оқиғаларға, терең өкінішке, ең сорақысы – адам өмірінен айырылуға алып келді.
А. есімді сотталған азамат жолда жіберген бір сәттік қателігі үшін өз өмірін де, өзгенің өмірін де құрдымға жібергенін айтып, терең өкінішін білдірді.
Жылдамдықты асырмағанда бәрі басқаша болар ма еді... Бала өліміне себепші болдым. Біреудің әлпештеп өсірген перзентін қағып кеттім. Өзімді "жазым" болды деп жұбатқым келеді, бірақ ар-ұятым мені кешірмейді. Бұл жағдай менің де өмірімді талқандады. Көлік тізгіндегендерге айтарым – асықпаңыздар. Заңмен белгіленген жылдамдық шегінен аспаңыздар. Себебі бір ғана қателік – сіздің де, өзгенің де тағдырын өзгертеді, - дейді сотталған азамат.
Тағы бір сотталған азамат ішімдік ішіп, көлік жүргізудің арты орны толмас қайғыға ұласқанын айтады.
Ішімдік ішіп, көлікке отырғаным – өмірімдегі ең ауыр шешім болды. Ұйқым келіп, көзім ілініп кеткен. Тарс еткен дыбыстан селк ете қалдым, бірақ бәрі кеш еді... Мотоциклмен кетіп бара жатқан адамды қағып кеттім. Қазір 5 жылға сотталып, түзеу мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Есіме алу – өте ауыр. Кез келген адам көлікке отырмас бұрын, тек өз өміріне емес, жолда келе жатқан әр адамның тағдырына жауапты екенін есте ұстауы керек, - деп өкінішін білдірді жазасын өтеуші.
Бұл жай екі адамның ғана емес, қоғамдағы талай адамның басына түскен жағдай. Жол-көлік ережелерін сақтамаудың арты қайғылы оқиғаларға, орны толмас өкініштерге әкеп соқтырады. Сондықтан әрбір көлік жүргізушісі өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жолда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс.
Жол – ойын алаңы емес. Адам өмірі – ең қымбат құндылық. Оны қорғау – әрбір азаматтың парызы.