«AMANAT» партиясы Түркістан облысында тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады

/
«AMANAT» партиясы Түркістан облысында тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады
«AMANAT» партиясы

Халық пен билік арасында сындарлы диалог орнықтырып, елдің мәселесін орнынан барып тыңдау – «AMANAT» партиясының басты ұстанымдарының бірі. Тұрғындармен кері байланыстың бұл форматы азаматтар білдірген сұраныстарды алдағы күнге қалдырмай, дер кезінде және мәселені сол жерде шешу қағидатын нақтылы іске асыру үлгісін көрсетеді. Мұндай сипаттағы жүздесулер қоғамда өзара сенімді нығайтып, шешім қабылдау құзыретіне ие мемлекеттік органдар, партия және халық арасында түсініксітк пен ашықтықты қамтамасыз етеді.

Партияның Түркістан облыстық филиалы өткізген көшпелі қоғамдық қабылдау кездесулері бұл жолы Арыс қаласында жалғасты. Партияның халықтың үніне құлақ асатын жүйелі жұмыс алаңы «Құқықтық көмек» жобасымен үйлестіріліп, азаматтарға қандай да бір мәселе бойынша кәсіби заңгерлерден құқықтық консультациялар алуға мүмкіндік жасалды. Жергілікті тұрғындармен кездесу іс-шарасы алдымен Арыс қаласындағы ардагерлер үйінде өткізілді.

Елді тыңдаудың жаңа саяси мәдениетін қалыптастырған, сындарлы пікір алмасу мінбері болып түзілген кездесуге «AMANAT» партиясы Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек қатысып, Түркістан облысының тұрғындары көтеріп жатқан мәселелердің астарына үңілді, оларды шешуде облыстық партия филиалының жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халыққа қызмет көрсетуші ұйымдармен ықпалдастығын таразылады.

Жұмысын бастағалы тұрған көшпелі қоғамдық қабылдаудың маңыздылығы туралы партияның Арыс қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Бақтығали Дәлдәбеков түсінідіріп өтті. «AMANAT» партиясы мобильді қоғамдық қабылдаулар өткізу тәжірибесін 2023 жылдан бастап іске асырып жатқанын партияның Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек айтты.

«Мұндай форматтағы кездесулердің өткізілуі халық бізге келмей, біз халыққа барсақ деген мақсатты көздейді. Бүгінгі қабылдауға облыстық және қалалық деңгейдегі 60-қа жуық мекемелердің басшылары қатысып отыр. Депутаттар, облыстық партия филиалының және қала басшылығы қатысуда. Барлық сала бойынша өкілдер бар, сауалдарыңызды тікелей қоюға мүмкіндік жасалды. Партия тарапынан бүгінгі қабылдау барысында айтылған барлық өтініштер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауымызда болады. Біз алдын ала талдау жүргіздік, Арыс қаласында негізгі өзекті мәселелер ретінде газ тарту, көшелерді жарықтандыру мәселелері бар. Сауалдарыңызды, ұсыныс-пікірлеріңізді салалық басқармаға осында тікелей жеткізе аласыздар», - деді Ермұхамед Нұрмаханбетұлы.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев Арыс қаласының тұрғындары үшін бұл қабылдау қатардағы іс-шара санатынан емес екенін айта отырып, жергілікті тұрғындардың сөзін, үмітін, талабын ескеретін, шынайы қолдау көрсететін саяси диалог алаңы болып отырғанын жеткізді. Партиямыз үшін әр азаматтың үні маңызды екенін атап өтіп, шешімі күрделі, республикалық деңгейдегі назарды талап ететін мәселелер «AMANAT» партиясы Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің бақылауына алынатынын түсіндіріп өтті.

«Жыл басынан бері осы сипаттағы қабылдаулар облыстың шалғай-елді мекендерінде 385 рет өткізіліп, 4100-ге жуық азаматтың арыз-өтініштерін қабылдадық, оның 2500-ге жуығын немесе 60 пайызын оң шештік. Жалпы алғанда, биылғы он айда партия филиалдарының қабылдау бөлмелеріне 14 мыңға жуық арыз-өтініш келіп түссе, оның 67 пайызы немесе 9 мыңнан астам өтініштер оң шешілді, төрт жарым мыңға жуығына заң аясында кеңестер берілді», - деді Полат Мұратұлы.

Арыстық тұрғындардың талап-тілегін тыңдау кездесуіне облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов, Арыс қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов бастаған депутаттар, департамент басшылары мен өкілдері, құқық қорғау органдарының лауазымды азаматтары, облыстық басқармалардың жауапты тұлғалары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдері, электр қуатымен, табиғи газбен, ағын сумен қамтушы мекемелердің қызметкерлері, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, сот орындаушылар, кәсіби заңгерлер, жергілікті мекеме басшылары, оның ішінде Арыс қаласы үшін стратегиялық маңызы бар темір жол саласына жауапты азаматтар мен қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы қатысты. Тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің тізбесін партия өкілдерімен қатар қала әкімдігінің қызметкерлері жасақтады.

«AMANAT» партиясы өткізіп жатқан қоғамдық қабылдау қала тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдауға, қоғамның өзекті деген мәселелерін шешуге жасалған нақты қадам екенін Арыс қаласы әкімінің орынбасарлары Рысдәулет Айтбаев пен Алмас Сұлтанов атап өтті. Тұрғындардың сенімін нығайтуға қосып жатқан үлестері үшін партия өкілдеріне, департаменттер мен басқармалардың басшыларына, мекемелер мен ұйымдардың өкілдеріне қала тұрғындарының атынан ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Қабылдау барысында азаматтар инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау қызметтері, кәсіпкерлікке қолдау және жер қатынастары саласына қатысты сауалдарын қойды. Азаматтар көтерген мәселелер қаланың тыныс-тіршілігін қамтитын сауалдар болды. 

Мәселен, Бейсен Онтаев көшесінің тұрғыны осы көше бойындағы Молдабай атындағы мектептің тұсына жаяу жүргіншілер өткелін салу, тиісті жол белгілерін орнату мәселесімен жүгінсе, тағы бір азамат Арыс қаласынан өтетін магистралды темір жол үстінен салынған көпірдің кей тұсында жол жабындысы ойылып, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп тұрғанын айтты. Қабылдауға келген тағы бір азамат Қазыбек би және Тәжібаев көшелерінің қиылысы дәл қала орталығы болып саналатынын, осы аймаққөа жақын жерде орталық базар орналасқанын айты отырып, көлік қозғалысын реттеуде және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда бағдаршам орнату ұсынысын білдірді.

Аяғы темір жолға тірелетін Әл-Фараби көшесінің тұрғыны осы магистральді қиып өтетін жаяу жүргіншілер өткелін жаңартып беруді сұрады. Тұрғынның айтуынша, рельстер арасында төселген ағаш төсемелер тозығы жетіп, ескірген, өткелден өтіп жатқан жүргіншілер үшін қауіпті болып отыр. Еңбек инспециясының өкілдеріне жүгінген азамат «Жылу энерго ремонт» ЖШС-де жұмыс істегенін, еңбекақысын ала алмай жүргені жөнінде шағымын айтты. Бір топ тұрғын ветеринария қызметінің мамандарына жүгініп, иесіз иттерді аулау мәселесін қозғады. Қаладағы Комаров атындағы мектепте 44 жыл ұстаздық еткен білім беру саласының ардагері «Еңбек ардагері» төсбелгісін алуға көмек көрсету мәселесін айтты.

Қабылдауға келген кейбір азаматтар газ жүйелеріне қосылу бойынша техникалық шарт алу, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, қаланың шеткі аймақтарына ойын алаңшаларын салу, жаңа қоныстар түскен көшелерге тас төсеу өтініштерін білдірді. Тұрғындар білдірген сұраныстардың қатарында жергілікті денсаулық сақтау мекемелерін МРТ, КТ аппаратарымен қамту, медицина мекемелерінде мамандар тапшылығын жою ұсыныстары болды. 

Күннің екінші бөлігінде партия ашып берген мобильді қоғамдық қабылдау Ақдала ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда мамандардың көмегіне жүгінген тұрғындар денсаулық жағдайы бойынша кәсіби медицина мамандарының көмегіне жүгіну, оңалту орталықтарына жолдама алу, балалар дәрігерлерінің көмегіне жүгіну бойынша кеңестер алды. Аудандық медицина мекемелерінде уролог, проктолог, травматолог, балалар реаниматологы мамандарының қатысуымен науқастарды қабылдау күндерін енгізу ұсыныстары айтылды.  

Қабылдау барысында Ақдала ауылдық округіне қарасты елді мекендерге балалар ойын алаңшаларын салу, газ жүйелерінің техникалық жағдайын зерделеу, мемлекет есебінен әлеуметтік көмек алу, жұмыспен қамту, тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мәселелері қозғалды.

Қабылдауда айтылған барлық сұраныстар мен өтініштердің орындалуы облыстық партия филиалының бақылауында болады және азаматтар көтерген мәселелердің шешм табуында салалық басқармалармен, жергілікті депутаттық корпуспен жүйелі жұмыстар атқарылатын болады.

 «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі таратқан ресми деректерге сәйкес, биылғы он айда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 102 мыңға жуық азамат жүгінген, түрғындар білдірген өтініштердің 58 пайызы партия өкілдерінің ықпалымен оң шешілді. Респбулика бойынша 2 мыңға жуық мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау кездесулері өткізіліп, бұл кездесулерге 14 мыңнан астам адам қамтылған. Мобильді қабылдаулар барысында айтылған сұраныстардың 48 пайызы оң шешілген. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты жалғасады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары