Қарағандыда прокуратура әлеуметтік желілерде алкогольдік өнімдерді жарнамалау туралы заңнаманың бұзылуын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құқық бұзушылықтың алдын алу аясында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге (Instagram, Facebook, Telegram және т.б.) мониторинг жүргізілді. Оның барысында «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының этил спиртін, алкоголь өнімдерін және алкогольдік сусындарды имитациялайтын тауарларды насихаттауға тыйым салуға қатысты талаптарын бұзу фактілері анықталды.
Атап айтқанда, Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы ірі супермаркеттің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жүйелі түрде бағасы төмендетіліп сатылатын алкоголь өнімдерін жарнамалағанын анықтады.
Аудан прокурорының қаулысымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 455-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Жарнамаға жауапты адамға айыппұл салынды.
Осыған ұқсас түрде аудандағы дәмханалар мен мейрамханаларда да заң бұзушылықтар анықталды. Кінәлілер 700 мың теңгеден астам айыппұлға тартылды (толық төленді).