Үндістандық жазушы Бану Муштақ пен аудармашы Дипа Бхастхи Халықаралық Букер сыйлығын жеңіп алды. Олар бұл беделді марапатқа "Heart Lamp" атты кітабы үшін ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Бұл – Оңтүстік Үндістан әйелдерінің күнделікті өмірі мен күресін суреттейтін, 30 жылдан астам уақыт ішінде жазылған 12 қысқа әңгімеден тұратын жинақ. Айта кетерлігі, бұл сыйлық алғаш рет қысқа әңгімелер жинағына беріліп отыр. Сонымен қатар, "Heart Lamp" каннада тілінде жазылып, халықаралық деңгейде мойындалған алғашқы туынды. Каннада тілі Үндістанның оңтүстігіндегі Карнатака штатында кең таралған.
Бану Муштақтың жеңісі бірнеше тұрғыдан тарихи оқиға саналады. Ол – Букер сыйлығының қазіргі форматы бекітілген 2016 жылдан бері марапатқа ие болған алтыншы әйел автор. Ал Дипа Бхастхи бұл марапатты иеленген алғашқы үндістандық аудармашы және тоғызыншы әйел аудармашы болып отыр. Аудармашы өз сөзінде бұл жеңіс болашақта каннада және басқа да Оңтүстік Азия тілдерінен жасалатын аудармаларға жол ашады деген үмітін білдірді.