Альцгеймер ауруын алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықтауға көмектесетін жаңа, инвазивті емес әдіс ойлап табылды. Бұл туралы Journal of Alzheimer’s Disease ғылыми журналында жарияланған зерттеуде айтылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар динамикалық жарық шашырау спектроскопиясы (dynamic light scattering spectroscopy) деп аталатын әдісті пайдалана отырып, көз торындағы (торлы қабық) микроскопиялық ақуыз қозғалысын өлшеу арқылы аурудың ерте белгілерін анықтауға болатынын анықтаған. Бұл тәсіл арзан, жылдам әрі қолжетімді бола отырып, Альцгеймерді скринингтен өткізу үшін тиімді құралға айналуы мүмкін.
Альцгеймер – жад, ойлау қабілеті және басқа когнитивтік функцияларды біртіндеп бұзатын деменцияның ең кең таралған түрі. Ауру көп жылдар бойы дамып, айқын белгілер пайда болғанша, мида қайтымсыз өзгерістер орын алып үлгереді. Сол себепті ауруды ерте кезеңде анықтау – қазіргі неврологиядағы басты мақсаттардың бірі.
Зерттеу авторы, Micron Ophthalmic компаниясының негізін қалаушы Джеффри Н. Вайстың айтуынша, қазіргі таңда Альцгеймерді анықтаудың «алтын стандарты» – ПЭТ (позитронды-эмиссиялық томография) сканері. Алайда бұл әдіс қымбат, науқасқа қолайсыз және тек ауру айқын байқалған кезде ғана диагноз қоюға мүмкіндік береді. Оның үстіне, диагноздың дәлдігі шамамен 70% деңгейінде ғана.
Жаңа көз арқылы анықтау әдісі – аурумен күресте бетбұрыс жасауға мүмкіндік береді. Егер Альцгеймер ерте анықталса, оны тежейтін немесе жеңілдететін ем-шараларды уақтылы бастауға жол ашылады.