«Таза бейсенбі» – туған жерге деген қамқорлық пен құрметтің көрінісі

/
«Таза бейсенбі» – туған жерге деген қамқорлық пен құрметтің көрінісі
amanatpartiasy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экологияны қорғау, таза орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында AMANAT партиясы еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» экоакциясын өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. 

Абай облысы Жарма ауданында Қалбатау №2 бастауыш партия ұйымының өкілдері ұйымдастырған тазалық жұмыстары Георгиевская атындағы мектептің аумағы мен орталық саябақты қамтыды. Сондай-ақ Үржар ауданындағы Айтбай ауылында да акция өтті. Ауылдың кіреберісі мен өзен арнасы тазаланып, шамамен 0,5 гектар жер күл-қоқыстан арылды.

Партияның Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы барысында Қонаев қаласындағы Төртінші саяжай аумағынан 6 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Іс-шараға 50-ге жуық адам қатысып, 200 қап тұрмыстық қалдықпен қатар, ірі көлемдегі пластик бөтелкелер, сынған тұрмыстық техника мен құрылыс материалдарының қалдықтары жиналды.

«Мақсатымыз – көшені тазарту ғана емес, адамдарға тазалықтың маңызын түсіндіру. Бүгін студенттермен бірге Төртінші саяжайда 5 шақырымға жуық аумақты тазаладық. Балалар алаңдары мен қоғамдық орындарда да қоқыс көп. Мұндай акциялар арқылы әр азаматтың жауапкершілігін оятқымыз келеді», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшесі Әділет Айтқазы.

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Қаракөл және Айдын елді мекендерінде өткен тазалық жұмыстарына «Қаракөл» бастауыш партия ұйымының өкілдері қатысты. Олар ауыл ішін, балалар алаңдарын тазартып, жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Ал Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы скверде «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен акцияда 30-ға жуық белсенді жас демалыс орнын тазалап, жаяу жүргіншілер жолдары мен орындықтарды ретке келтірді.

«Біз өз ісіміз арқылы өзгелерге үлгі көрсетіп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл жердің әрқашан таза әрі көрікті болғанын қалаймыз», — деді «Жастар Рухы» ЖҚ Алматы қалалық филиалы төрағасының кеңесшісі Дана Білдебаева.

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында «Сайқын», «Т.Жарокова» және «Солтүстік» бастауыш партия ұйымдарының бастамасымен ауқымды экоакция өтті. Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов тұрғындарға алғысын білдіріп, бастаманың тұрақты жалғасатынын айтты.

Сондай-ақ Шымкенттегі тазалық жұмысына 100-ге жуық адам қатысты. Игі іске партия өкілдерімен қатар коммуналдық қызмет жұмысшылары да атсалысты. Тазалық жұмыстары аясында қатысушылар Нұртас мөлтек ауданы Кәусар көшесін қоқыстан тазартып, жабайы шөптерді орып, бұталар мен ағаштарды ретке келтірді. Нәтижесінде, 1 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы техникамен сыртқа шығарылды.

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында «Жастар Рухы» жастар қанаты мүшелерімен бірге партия белсенділері Қарақыстақ шатқалында тазалық жүргізіп, 1 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықты арнайы орынға жеткізді. Акцияға 20-дан астам ерікті қатысты.

«Қарақыстақ сияқты табиғаты көркем жерлерде адамдар демалып қана қоймай, артынан қоқыс тастап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті мұндай орындарда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – өте маңызды. Әр азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалыққа атсалысуы керек», – деді акцияға қатысушы ерікті Ақжол Бекмұрат.

Дәл осындай іс-шара Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласың орталық саябағында да ұйымдастырылды. Акцияға 30-ға жуық адам жұмылдырылып, нәтижесінде 3 тоннадан астам қоқыс жиналды. Қатысушылар қоғамдық орындардың тазалығына ерекше мән беріп, акция барысында аумақты қоқыстан тазартып, көгалдандыру жұмыстарын да атқарды.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында аманаттықтар Жосалы кентіндегі «Ардагерлер аллеясын» абаттандырып, күл-қоқыстан тазартты.

«Әрбір аптаның бейсенбі күні дәстүрлі түрде жүргізіліп келе жатқан бұл іс-шара – туған жерге деген қамқорлық пен құрметтің жарқын көрінісі. Тазалық бар жерде тәртіп пен мәдениет қалыптасады. Әрбіріміз қоршаған ортаға, қоғамға деген жанашырлықтың үлгісін көрсетуміз керек»,– дейді акцияны ұйымдастырушы партияның Қармақшы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ғалымжан Ақжігітов. 

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында «Ақерке» бөбекжайының ауласына тал егіліп, орталық көшелерде тазалық жүргізілді. 80 қап қоқыс жиналды.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы экоакция Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақта өтті. Іс-шараға партия мүшелері, музей қызметкерлері, депутаттар мен тұрғындар қатысты. Олар саябақ аумағын тазалап, қоқыс жинап, жасыл желектерді күтіп-баптауға атсалысты.

«Таза бейсенбі» экологиялық акциялары еліміздің өзге өңірлерінде де тұрақты түрде өткізіліп келеді. Өткен жылдың маусым айынан бері «Таза бейсенбі» аясында 120 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 100-ден астам өзен-көл мен су айдындары тазартылды. Игі іске ел бойынша 70 мыңнан астам адам қатысты. Бұл бастама – «AMANAT» партиясының табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамды біріктіру жолындағы нақты қадамдарының бірі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары