Берік Бейсенғалиев: 2%-дық ипотека тоқтап тұр

/
Берік Бейсенғалиев: 2%-дық ипотека тоқтап тұр
сурет: parlam.kz / Жаслан Жумабеков

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшеcі Берік Бейсенғалиев халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қазір бұл санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналып отыр.

«Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар табысының төмендігінен, олардың тұрғын үй сатып алуына қолжетімді жалғыз құралы – Отбасы банкінің 2%-бен берілетін жеңілдікті ипотекасы болып отыр», – деді депутат.

Ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында осы тақырыпты көтергенін еске салды.

Берік Бейсенғалиев 2025 жылғы 28 наурызда өзінің төрағалығымен өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесте «Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету» мәселесі арнайы қаралғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы жиында «Отбасы банк» тарапынан бірқатар түйткілдер көтерілген.

Депутаттың сөзінше, банк өкілдері «әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй беру процесін іске асыру кезінде негізгі проблема – кредит беру үшін бюджет қаражатының жоқтығы» екенін мәлімдеген.

«Мысалы, 2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеген, ал қазіргі беріліп жатқан несиелер 2023 жылы бөлінген және толық игерілген қаражат есебінен беріліп жатыр. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында да бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған», – деді депутат өз сауалында.

Оның айтуынша, қазір қарыздар тек бұрын қалыптасқан қайтарымды қаражат есебінен ғана берілуде. Ал олардың көлемі шектеулі болғандықтан, «2-10-20» бағдарламасы бойынша жаңа жобаларды мақұлдау процесі мүлдем тоқтап қалған.

«Бұл жағдай, әсіресе Отбасы банкке тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң аясында ұлттық даму институты мәртебесі беріліп жатқан кезде, әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін», – деп ескертті Бейсенғалиев.

Осыған орай, депутат Үкіметке нақты ұсыныс жолдап отыр. Оның айтуынша, Кеңес отырысында «2-10-20» жеңілдікті ипотекалық бағдарламасына қатысушыларға Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті тартқан қаражат есебінен қарыз беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.

«Отбасы банк» АҚ-ны 50 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мәселесін Үкімет, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және басқа да мүдделі органдар бірлесіп зерделеуі қажет», – дейді депутат.

Сөз соңында Мәжіліс өкілі Үкіметтен осы мәселе бойынша ресми ұстаным білдіруді және заңнамада белгіленген мерзім ішінде жауап беруді сұрады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары