Сайттар арқылы танысқан: Ер адам ақша үшін 3 әйелмен заңды некеге тұрып, әрқайсын алдап келген

/
Сайттар арқылы танысқан: Ер адам ақша үшін 3 әйелмен заңды некеге тұрып, әрқайсын алдап келген
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тың Флорида штатында бір мезетте үш әйелмен заңды некеде тұрған ер адам ұсталды. Генри Бетси есімді азамат әр әйелді  алдап келген. Бұл туралы ABC News жазды.

Генри алғаш рет Тоня есімді әйелмен танысу қосымшасы Tinder арқылы танысып, 2020 жылдың қарашасында Дувал округінде үйленген. Тоняның айтуынша, Генри оған армандағы ер азамат болып көрінген.

2022 жылдың ақпанында Генри Манати округінде екінші рет неке қиып, Брэнди есімді әйелге үйленді. Бұл жолы ол Stir атты қосымша арқылы, жалғызбасты ата-аналарға арналған платформада танысқан. Брэнди де Генридің сыпайы әрі сенімді мінезіне бірден сеніп қалғанын айтқан.

Үшінші әйелі Мишель Match.com қосымшасы арқылы табылған. Генридің әдемі сөздері мен сыйлықтары оны тез баурап алып, олар Эрнандо округінде некеге тұрған.

Барлығын Тоня әшкерелеген. Ол күйеуі туралы интернеттен мәлімет іздеп жатып, оның басқа некелері барын білген. Тоня Брэнди мен Мишельмен байланысып, бірге полицияға арыз түсірген. Генри көп әйел алушылық (бигамия) бабы бойынша қамауға алынды.

Полиция бұл жағдайдың себебін округтер арасындағы мәлімет алмасудың болмауымен түсіндірді – әр округ басқа округтегі некелерден бейхабар болған. Генри әр әйелмен бірлескен банктік есепшот ашып, кейін олардан алимент талап етуді көздеген болуы мүмкін.

Сот тыңдауында Генри өзінің ешқандай тұрақты табысы жоқ екенін, банк шоттарында да қаражат сақталмағанын айтты. Дегенмен ол кінәсін мойындаған жоқ.

Оқиғадан кейін әйелдер Генридің Bumble атты танысу қосымшасында жаңа профиль ашып, жалған қарым-қатынастарды жалғастырып жатқанын анықтаған.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияның Белфаст қаласында да қызық оқиға болған: ерлі-зайыптылар 16 жылдан кейін ажырасып кетті. Себебі күйеуі өзін порноактриса Софи Далзелл ретінде таныстырған алаяққа алданып, оған ақша жіберген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары