Қазақстандық өнерпаздар Ресейде өткен халықаралық фестивальде жеңіске жетті

/
Қазақстандық өнерпаздар Ресейде өткен халықаралық фестивальде жеңіске жетті
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстандық «El Voice» вокалдық тобы Ставрополь қаласында өткен «Солдатский конверт» атты халықаралық байқау-фестивальде Гран-при жүлдесіне ие болды, деп хабарлады turkystan.kz.

Топ құрамында «Астана Опера» театры хорының әртістері Әмре Алғи мен Ардақ Төлепбергенов, солист Нұрсұлтан Әнуарбек, сондай-ақ Е.Рахмадиев атындағы филармонияның солисі Алтынбек Арыстанбек өнер көрсетті. Ұжым «Ансамбльдер» номинациясында топ жарып, «Ана туралы баллада» туындысын терең тебіреніспен орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Қазақстандық өнерпаздар сахнада шынайы драматургия тудырып, ананың перзентінен айырылғандағы қайғысын, сағынышын әсерлі жеткізе білді. Дауыстардың үйлесімділігі, көркем образды терең меңгеруі мен жоғары деңгейдегі вокалдық шеберлік нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрінді.

Бұл жеңіс отандық ансамбль үшін айтулы жетістік болды. Биылғы фестивальге 800-ге жуық өтінім келіп түскен. Соның ішінен финалдық кезеңге небәрі 13 солист пен 13 ансамбль ғана жолдама алған. Байқауға Ресейдің 15 өңірінен және Армения, Грузия, Беларусь, Өзбекстан мен Қазақстаннан өнерпаздар қатысты.

«Астана Опера» хорының әртістері үшін бұл байқауға қатысу — тек маңызды шығармашылық сынақ қана емес, сонымен қатар Қазақстанды халықаралық аренада музыкалық дәстүрі терең, кәсіби орындаушылық мәдениеті жоғары ел ретінде танытудың бірегей мүмкіндігі болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары