Ұлттық банк 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады, деп хабарлады turkystan.kz.
«9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске айтарлықтай үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20 пайызы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты.
Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр», – делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, банкноталардың таралымы – 5 миллион дана ғана.
Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады.
Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.