Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде тәркіленіп, айып тұрағына қойылған мүліктер тоналғаны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атап айтқанда жалпы құны 100 млн теңгеден асатын «Volvo FH» маркалы жүк көлігі әкімшілік іс бойынша тәркіленіп, мемлекет кірісіне өндірілуі керек болған. Алайда тұрақта тұрған кезінде аталған жүк көлігі бөлшектеліп, ұрланған.
Сонымен қатар, тәркіленуі тиіс басқа да мүлікті жасыру фактісі ашылды. Қылмыстық іс аясында құны 8 млн теңге болатын «Mercedes E350» маркалы көлік күдіктінің әкесіне сақтауға берілген. Кейіннен сот бұл көлікті мемлекет пайдасына өндіру туралы шешім шығарған.
Бірақ соттың шешіміне қарамастан, күдіктінің әкесі сақтау міндетін орындаудан бас тартып, көлікті жасырып қойған.
Анықталған бұзушылықтар туралы сотқа дейінгі тергеу органдарына түпкілікті шешім қабылдау үшін құжаттар жолданды.