Бурабай аудандық сотында ағайынды екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция инспекторы патруль кезекшілігін атқарып жүрген кезінде Е есімді азамтты тоқтатып, құжаттарын сұраған. Е құжатын беруден бас тартып, өзіне қатысты деректерді өзгертіп көрсеткен.
Жүргізуші Е-нің шын деректерін анықтау барысында, оның көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталған. Осыған байланысты инспектор хаттама толтыруға кіріскен.
Алайда Е мен оның шақыруы бойынша келген ағасы О инспекторға «мәселені сол жерде шешуді» ұсынған. Инспектор бас тартқан соң агрессивті түрде инспектордың бетінен жұдырықпен бірнеше рет ұрып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, қызметкердің денсаулығына жеңіл зиян келтірумен, мидың шайқалуы түріндегі дене жарақаты анықталды.
Сот үкімімен Е. және О.-ға пробациялық бақылау белгіленіп, әрқайсысына 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.